Қазақстан мен Иран: архив және кітапхана саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейде

18 мамыр күні Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында «Ғылым ордасы» РМК делегациясы мен Иран Ұлттық кітапханасы және архиві басшылығы арасында ресми кездесу өтті.

Кездесудің басты мақсаты – архив және кітапхана ісі, ғылым мен мәдениет саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ құжаттық мұраны сақтау, қалпына келтіру және цифрландыру бағыттары бойынша кәсіби тәжірибе алмасу арқылы өзара әріптестікті нығайту болды.

Жиын барысында қазақстандық делегация Иран архиві мен кітапханасының инфрақұрылымымен танысты. Делегация мүшелері құжаттарды сақтау жүйесі, қалпына келтіру және консервация бөлімдерінің жұмысы, сондай-ақ заманауи цифрландыру әдістері бойынша нақты тәжірибелермен танысып, пікір алмасты.

Кездесу қорытындысында «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов пен Иран Ұлттық кітапханасы және архиві басшысы Голямреза Амирхани (Gholamreza Amirkhani) ғылым, архив және кітапхана ісі салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

– Бұл келісім – Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды тереңдетуге бағытталған маңызды қадам. Архив және кітапхана ісіндегі әріптестік тек кәсіби тәжірибе алмасу ғана емес, озық әдістермен бөлісудің, тарихи мұраны сақтаудың тиімді алаңы, – деді Ұлар Мұқажанов.

Меморандум негізінде екі ел бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, архив және кітапхана қорларын цифрландыруға, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, бұл келісім Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға жол ашпақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *