Қазақстан мен Қытай арасында құс еті саудасына жол ашатын Хаттамаға қол қойылды

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасының басшысы Сунь Мэйцзюнь Қазақстан мен Қытай арасындағы құс етін импорттау және экспорттау кезінде ветеринариялық-санитариялық тексеру, карантин және азық-түлік қауіпсіздігі талаптары жөніндегі Хаттамаға қол қойды.

Жалпы, ет өнімдері бойынша екіжақты сауданы реттейтін ветеринариялық талаптарды келісу және тиісті Хаттамаларға қол қою жұмыстары 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін мал шаруашылығы өнімдерінің түрлі түрлерін қамтитын 11 Хаттамаға қол қойылды. Қытайға экспорттауға рұқсат етілген өнімдер тізбесіне өсімдік және мал шаруашылығының 29 түрі енгізілді. Экспорттаушылар тізіліміне 2483 қазақстандық кәсіпорын енгізілген. Құжатқа қол қойылғаннан кейін тізілімге тағы 88 өндіруші енгізіледі.

Тараптар сондай-ақ аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және сауда-экономикалық байланыстарды нығайту перспективаларын талқылады.

«Мемлекет басшылары агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастықты тереңдетудің стратегиялық маңызын бірнеше мәрте атап өтті. Біздің басты міндетіміз – қытай нарығына жеткізілетін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне жоғары талаптарды қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасау», – деді Айдарбек Сапаров.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 1,4 млрд АҚШ долларын құрап, 10,5%-ға өсті. Соның ішінде экспорт көлемі 1,05 млрд долларды құрады. Экспорт құрылымының негізін жем-шөп, дәнді және майлы дақылдар, өсімдік майлары құрады: 2024 жылы ҚХР-ға жем экспорты 485%-ға, өсімдік майлары – 26%-ға, рапс майы – 57%-ға артты.

2025 жылғы қаңтар-наурыз аралығында АӨК өнімдерінің өзара сауда көлемі 430,5 млн долларды құрап, 45%-ға өсті. Оның ішінде экспорт көлемі 301,9 млн долларды құрады (өсім – 42%).

Ауыл шаруашылығы саудасы саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында 2024 жылғы қарашада Уақытша жұмыс тобы құрылды.

Қазақстан тарапы қолданыстағы ветеринариялық және фитосанитариялық хаттамаларды өзектендіруді, қазақстандық мал шаруашылығы кәсіпорындарына инспекция жүргізуді, сондай-ақ күріш, мақта тұқымы, бақша дақылдары мен маш өнімдерін Қытай нарығына экспорттау мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынды.

Басты басымдықтардың бірі – дәнді дақылдар экспортының көлемін ұлғайту. Соңғы екі жылда (2023/2024) ҚХР-ға жыл сайын 1,4 млн тонна астық жөнелтілді. Ал 2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы сәуірге дейінгі аралықта экспорт көлемі 27%-ға артып, 1,859 млн тоннаны құрады.

«Қытай мен Қазақстан – тату көрші, сенімді әрі стратегиялық әріптестер. Мемлекеттер басшылары өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеру, өзара сауда көлемін айтарлықтай ұлғайту жөнінде нақты бағыт берді. Біздің ведомстволардың үйлесімді жұмысының арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерімен сауда оң серпін көрсетіп отыр. Бүгінгі кездесу – фитосанитариялық және ветеринариялық бақылау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды негізгі бағыттар бойынша өзара ықпалдастықты тереңдетуге деген ортақ мүдденің жарқын көрінісі», – деп атап өтті ҚХР Бас кеден басқармасының басшысы Сунь Мэйцзюнь.

Жиынды қорытындылай келе, министр: «Бірлескен күш-жігеріміз мемлекет басшылары жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға, сондай-ақ өзара сауданы дамытып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге негіз болатынына сенімдімін», – деді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *