Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай этномедиацияны үйретуге бағытталған үш күндік семинар басталды.

Алқалы шараға құзырлы органдардың лауазымды тұлғалары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен ішкі саясат бөлімінің басшылары, ауыл округ әкімдері және «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аудандық және қалалық филиалдарының басшылары қатысуда.
Жиынның ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірлікті нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномедиация саласындағы «Елдесу және татуласу» жобасы аясында жыл сайын семинарлар өткізілетінін айтып, өңірде этномедиация қызметін дамытуға бағытталған жұмыстарға тоқталды. Ол семинар қатысушыларын осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Семинарда кәсіби медиатор Гүлжан Қожахметова, Түркістан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының директоры Әсет Абжақов қатысып, медиация саласына қатысты түрлі тақырыптарда баяндамалар жасады. Жиын барысында қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты.
Айта кетерлігі, семинар 23 мамыр күні аяқталып, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.