Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында 2024 жылдың маусым айында @TazaQazBot атты Telegram чат-ботын іске қосты. Бұл – азаматтардың күнделікті өмірде кездесетін экологиялық проблемалар туралы жедел өтініштері мен шағымдарын қабылдайтын тиімді әрі заманауи құрал.

Бүгінгі таңда экоботқа 18 мыңнан астам өтініш келіп түсіп, оның 17 мыңы сәтті орындалған. Бұл — жүйенің шынайы тиімділігін дәлелдейді. Ең белсенді қолданушылар қатарында Алматы, Астана және Шымкент қалаларының тұрғындары көш бастап тұр.
Статистика көрсеткендей, өтініштердің басым бөлігі аумақтарды тазалау, тұрмыстық қалдықтарды шығару, көше мен аулаларды абаттандыру мәселелеріне қатысты. Сонымен қатар, платформа 21 түрлі санаттағы өтініштерді қабылдайды. Олардың қатарында жолдарды жөндеу, су айдындарын тазарту, кіреберістер мен аулалардың санитарлық жағдайын жақсарту секілді маңызды бағыттар бар.
Егер өтінішіңіз сапасыз орындалса, жүйеде бірден шағым қалдыру мүмкіндігі де қарастырылған. 2025 жылдың басынан бері 200-ден астам азаматтық шағым тіркеліп, тиісті шаралар қабылдануда.
@TazaQazBot — бұл жай ғана бот емес, бұл — қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған халықтық бастама. Әр тұрғынның белсенді әрекеті — Қазақстанның тазалығы мен көркеюіне қосылған нақты үлес.
Сіз де үн қосыңыз – @TazaQazBot арқылы өз қалаңыздың экологиялық ахуалын жақсартуға атсалысыңыз!