Қазақстанның геологиялық саласы тұрақты дамып, халықаралық инвесторлар тарапынан жоғары қызығушылыққа ие болып отыр. Бұл үрдіс Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жер қойнауын пайдаланудың инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі.

Соңғы жылдары елімізге әлемдік деңгейдегі геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыру үшін бірқатар ірі шетелдік компаниялар келді. Олардың қатарында:
- Rio Tinto Mining and Exploration Limited (Ұлыбритания),
- FQM Kazakhstan Limited және Arras Minerals Corp. (Канада),
- Sarytogan Graphite Limited, Hidden Owl Pty Ltd, IG Asia LLC (Австралия/Сингапур),
- Эсан (Түркия), сондай-ақ Еуропаның өзге де халықаралық ойыншылары бар.
Аталған компаниялар қатты пайдалы қазбаларды барлау бойынша лицензия алып, еліміздің жер қойнауына шамамен 12 миллиард теңге көлемінде инвестиция салды. Бұл жобалар кейінгі игеру үшін перспективалы учаскелерді анықтауға бағытталған және Қазақстан экономикасы мен өңірлік даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Инвестициялық белсенділіктің артуына еліміздің геологиялық-геофизикалық білімінің жоғары деңгейі ықпал етуде. 2024 жылдың соңына қарай зерттелген аумақ көлемі 2014,4 мың шаршы шақырымға жетсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2038,2 мың шаршы шақырымға дейін ұлғаяды деп күтілуде.
Мемлекеттік бюджет есебінен жыл сайын өңірлік геологиялық зерттеулер, оның ішінде терең және минералогиялық карталау, іздестіру және тақырыптық жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстан шетелдік инвесторларға ашық ережелерді, заманауи цифрлық инфрақұрылымды және орасан зор геологиялық әлеуетті ұсына отырып, халықаралық геологиялық аренадағы орнын нығайтып келеді.