Қарағанды гарнизонында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың төрағалығымен Қорғаныс министрлігінің алқасының көшпелі отырысы өтті. Жиын барысында 2024–2025 жылдардағы қысқы оқу кезеңінің қорытындылары шығарылып, жазғы кезеңге арналған басым қызмет бағыттары айқындалды.

Алқа жұмысына Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың басшылық құрамы, Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтар командирлері, сондай-ақ әскери оқу орындарының басшылары қатысты.
Отырыста қорғаныс ведомствосының басшысы қазіргі геосаяси жағдайға тоқталып, шетелдік тәжірибе негізінде Қазақстан армиясын даярлаудағы басымдықтарды белгіледі.
Бас штаб бастығы – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов жауынгерлік және жұмылдыру дайындығының жай-күйі туралы баяндады. Сондай-ақ Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев әскери және құқықтық тәртіптің сақталуы туралы есеп берді.
Қорғаныс министрінің орынбасарлары өз баяндамаларында жұмылдыру резервін даярлау, әскери міндеттілердің жиынын ұйымдастыру, резервтегі қызметті дамыту, әскери бөлімдерде жарғылық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу сынды өзекті мәселелерге тоқталды.
Сонымен қатар, әскерлердің жауынгерлік даярлығы, кадрлық әлеует, тылдық және техникалық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Отырысты қорытындылаған Қорғаныс министрі командалық құрамға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, тактикалық барлау міндеттерін пысықтау арқылы ұшқышсыз ұшу аппараттары операторларын даярлау, жауынгерлік және арнайы даярлық бойынша практикалық сабақтарды өткізу, инженерлік-саперлік бөлімшелерді даярлау, қауіпсіздік талаптарын күшейту және қарумен жұмыс істеу тәртібін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.