Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту жұмыстары белсенді жүріп жатыр

Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту мен ірі жобаларды іске асыру шаралары туралы баяндады.

Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылдың төрт айында агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялар көлемі 213 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға өсті. Ауыл шаруашылығына 164,2 млрд теңге, ал тамақ өнімдерін өңдеуге 48,7 млрд теңге бағытталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің бірлескен жұмыс нәтижесінде 2025-2027 жылдары жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 677 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, 2025 жылы – 282 жоба (611,2 млрд теңге), 2026 жылы – 267 жоба (1,1 трлн теңге), 2027 жылы – 128 жоба (1,5 трлн теңге).

Инвестицияның негізгі бағыттары ретінде қайта өңдеу, суару жобалары және мал шаруашылығы аталды.

Сондай-ақ, Ермек Кенжеханұлы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде сүт-тауар фермалары мен басқа да жобаларды жеңілдетілген несиемен қаржыландыруды жалғастыруды жоспарлап отыр. Биыл 200 млрд теңгеге 141 жобаны қаржыландыру көзделген.

2025 жылы іске асырылатын ірі жобалар арасында жүгеріні терең өңдеу зауыты (35 млрд теңге) Түркістан облысында, құс фабрикасы (13,8 млрд теңге) Жамбыл облысында, сондай-ақ жүн өңдеу зауыты (5 млрд теңге) Ақтөбе облысында орналасатын болады.

Сонымен қатар, Қазақстанға Түркия, БАӘ, Қытай және басқа да елдерден 8 инвестициялық келісім жасалып, жаңа жобаларға қолдау көрсетілуде.

Ермек Кенжеханұлы инвестиция тарту жұмыстарының мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және шетелдік серіктестермен тығыз үйлестікте жалғасатынын атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *