Биыл 1 тамыз бен 20 қазан аралығында елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Гүлнар Күнтуғанова баспасөз жиынында мәлімдеді.

Оның айтуынша, ауқымды науқанға дайындық 1,5 жыл бұрын басталған. Осы уақыт аралығында Үкімет және облыс деңгейінде арнайы комиссиялар құрылып, барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе ескеріліп, өзге елдермен өзара ынтымақтастық орнатылған.
Негізгі санақ басталар алдында, 1–30 маусым аралығында Түркістан облысының алты ауданында жеке қосалқы шаруашылықтарды алдын ала аралау жұмыстары жүргізіледі. Санақ жұмыстары дәстүрлі офлайн тәсілмен де, заманауи онлайн форматта да жүзеге асады. Бұл мақсатта sanaq.gov.kz сайты мен 1446 қысқа нөмірлі жедел желі іске қосылған.
Санақ аясында Түркістан облысында шамамен 310 мың үй шаруашылығы мен 90 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушілері қамтылады. Ауқымды жұмыстарды жүргізу үшін 670-тен астам интервьюерді – жұмыссыз жастарды, студенттерді және еріктілерді – тарту жоспарланып отыр.
— Бұл санақ ауыл шаруашылығының нақты жағдайын анықтап, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жоспарлауға жол ашады. Сондықтан әрбір азаматтың қатысуы маңызды, — деді департамент басшысы.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы — елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен аграрлық саясаттың дұрыс бағытта қалыптасуы үшін маңызды қадам. Түркістан облысы бұл жұмысқа белсенді атсалысуда.