Түркістан туризміне халықаралық деңгейде серпін беретін маңызды жаңалық – Қытайдың ең ірі мегаполистерінің бірі Шанхайда Visit Turkistan туристік ақпараттық кеңсесі өз жұмысын бастады. Ғасырға жуық тарихы бар әйгілі Broadway Mansions қонақ үйінде орналасқан бұл кеңсе – түркі әлемінің рухани жүрегіне айналған Түркістанды әлемге кеңінен танытудың жаңа қадамы.

Кеңсенің басты мақсаты – Түркістан облысының бай тарихи-мәдени мұрасы мен табиғи сұлулығын шетелдік саяхатшыларға кеңінен таныстырып, өңірге туристерді тарту.
Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, екі ел арасындағы достық байланыс пен тарихи сабақтастықтың маңызын атап өтті.
– Екі ел арасындағы байланыс бірнеше ғасырға созылады. Ұлы Жібек жолының бойындағы осы тарихи сабақтастық бүгінде туризм саласында жаңа белеске көтерілуде. Біз бұл байланысты іскерлік және мәдени бағытта дамытып, Түркістанның туристік әлеуетін жаңа деңгейге шығаруға ниеттіміз. Кеңсеміздің ашылуына қолдау көрсеткен SkyWay туроператоры мен Шанхай туристік қауымдастығына алғысымыз зор, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шара барысында Түркістан облысының туризм басқармасы, China Corporate United Pavilion Group (CCUP) және SkyWay туристік операторы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім алдағы уақытта Қытай мен Қазақстан арасындағы туристік ағымды арттырып, инвестиция тартуға, сондай-ақ мәдени байланысты тереңдетуге жол ашады.
Жаңа кеңсе екі ел арасындағы туризмді дамытуда тұрақты әрі жүйелі жұмыс жүргізетін болады. Қытайлық туроператорлардың қызығушылығы Түркістанға туристер легін арттырып, өңірдің халықаралық имиджін нығайтатынына сенім мол.