Түркістан облысының прокуратурасы №55 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілердің рухани-мәдени дамуы мен әлеуметтік бейімделуіне бағытталған «Рухани өркендеу – өз бақытыңды табу» жобасын қолға алды. Бұл бастама – жазасын өтеуші азаматтардың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, қоғамға қайта оралуына мүмкіндік беретін ауқымды қадам.

Жоба аясында мекеменің медициналық бөлімі толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұрын тек облыс орталығында ғана көрсетілетін бірқатар медициналық қызмет түрлері енді мекеме ішінде қолжетімді болды. Жеделдік пен тиімділікті арттыру мақсатында бейнемедицина мен кешенді медициналық ақпараттық жүйе іске қосылды.
Сонымен қатар, мәдениет үйі жаңартылып, жазасын өтеушілердің шығармашылық қабілетін дамытатын бейнелеу өнері, қолөнер және музыка секциялары ашылды. Оларға 19 дана музыкалық аспап, фортепиано мен кәсіби құралдар, 500 кітаптан тұратын кітапхана қоры, сурет салуға және саздан мүсін жасауға арналған қондырғылар берілді.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында заманауи футбол алаңы салынып, футбол, волейбол және баскетбол секциялары жұмысын бастады. Спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жазасын өтеушілер өзара бақ сынады.
Сондай-ақ, отбасы мүшелерімен байланысты нығайту үшін таксофондар саны төрт есеге артып, 5-ке дейін Skype байланыс орындары орнатылды.
Кәсіби білім мен еңбек дағдыларын арттыру да назардан тыс қалған жоқ. Жылыжайда көкөніс өсіру, шаштараз ісі бойынша оқу курстары, құрылыс материалдарын (шлакоблок, пеноблок, есік) шығару және киім тігу цехтары іске қосылды. Бұл — бостандыққа шыққан соң жұмысқа орналасу немесе жеке кәсіп бастау үшін үлкен мүмкіндік.
«Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында 15 жазасын өтеуші түзеу мекемесінен шыққаннан кейін өз кәсібін ашу үшін қайтарымсыз грант алу құқығын беретін арнайы сертификаттарға ие болды.
Жоба аясында ұйымдастырылған спорттық жарыстар мен мерекелік концерттер – жазасын өтеушілердің бойындағы сенім мен үміт отын қайта жаққан игі іс-шаралар қатарында.
Бұл бастама – түзеу мекемесін тек жазалау орны емес, қайта тәрбиелеу мен әлеуметтендіру орталығына айналдыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.