Шымкентте денсаулық сақтау саласын дамытудың аймақтық бағдарламасы қабылданды

Шымкент қаласында алғаш рет елімізге үлгі бола алатын кешенді медициналық бағдарлама қабылданды.

Қалалық әкімдік, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Денсаулық сақтауды дамытудың Ұлттық ғылыми орталығы бірлесіп әзірлеген «Денсаулық сақтауды өңірлік дамытудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» – республика бойынша тұңғыш құжат. Бағдарлама заманауи медицина талаптарына сай келетін инфрақұрылым құруды және медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Заманауи ауруханалар мен емханалар салынады

Бағдарлама аясында Шымкентте қалалық перинаталдық орталық, екі көпбейінді аурухана және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы бес емхана салу көзделген. Сонымен қатар Шымкент жоғары медициналық колледжі жаңа буындағы симуляциялық құралдармен, тренажерлармен және интерактивті оқыту жүйелерімен жабдықталады.

Ғылыми орталықтармен әріптестік кеңейеді

2025 жылғы 30 мамырда қала мен еліміздің жетекші 13 ғылыми-зерттеу институты арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Бұл медициналық туризмді дамытып, күрделі операциялар жасауға және жоғары технологияларды енгізуге жол ашады.

Халық денсаулығы – назарда

Бағдарлама шеңберінде балалар мен ересектер арасында бірнеше бағытта халықаралық зерттеулер жүргізіледі. Атап айтқанда, COSI (балалар семіздігі), HBSC (мектеп жасындағы балалардың денсаулығы), GATS (темекі тұтыну) сынды сауалнамалар қамтылады. Сонымен бірге патронаждық қызмет сапасына да баға беріледі.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымы кеңейтіледі

87 мектепте стоматологиялық кабинеттер ашу, жүкті әйелдерді алдын ала даярлау, 31 бейіндік құзыреттілік орталығы, 2 скрининг және 2 амбулаториялық онкологиялық орталық ашу жоспарланған. Қаладағы барлық емханаларда «Шұғыл көмек бөлмелері» іске қосылып, Денсаулық сақтау басқармасы жанынан «Ахуалдық талдау орталығы» құрылды.

Нәтиже қандай болады?

Бағдарлама толық жүзеге асқанда:

  • тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 79,1 жасқа дейін артады,

  • салауатты өмір салтын ұстанатындардың үлесі 60%-ға жетеді,

  • медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейі 80%-ды құрайды.

Сонымен бірге, ерте даму орталықтары ашылып, патронаждық қызметтің жаңа моделі енгізіледі. Жеке инвестиция тарту арқылы жасанды интеллект, робототехника және цифрлық технологиялар денсаулық сақтау саласына белсенді енгізіледі. Медициналық мекемелердің 95%-ы ұлттық аккредитациядан өтеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *