Ордабасы ауданының Бөржар ауылында ауқымды өндірістік жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жылына 14 мың тонна ұн өнімдерін өндіретін заманауи кәсіпорынның құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Аталған жоба – «Keruen Products» ЖШС-не тиесілі. Кәсіпорын макарон өнімдерінің 10 түрі мен тез дайындалатын кеспе түрлерін шығаруды жоспарлап отыр. Өндіріс толық қуатында жұмыс істеген кезде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға оң ықпал етеді деп күтілуде.
Жалпы аумағы 5,5 гектарды құрайтын өндіріс орны іске қосылған соң, жергілікті бюджеттің кіріс көлемі де едәуір артады.
Бұл маңызды жобамен аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы барып танысып, құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді. Әкім жұмыс сапары барысында тек бұл өндірістік нысанды ғана емес, ауданда жүріп жатқан өзге де құрылыс және инфрақұрылымдық жобалардың барысын бақылады.
Бадам ауылында бой көтеріп жатқан 250 орындық Мәдениет үйінің құрылыс барысы да әкімнің назарында болды. Сонымен қатар, Ұялыжар ауылындағы Абай көшесіне аяқжол салу, Сәтбай Болыс көшесіне асфальт төсеу, Қайнар елді мекенінде трансформатор орнату мәселелері егжей-тегжейлі қаралды.
Бұдан бөлек, Ынтымақ ауылында салынып жатқан 200 орындық мектептің құрылыс жұмыстары да бақылауға алынды. Азат Абдіғалиұлы нысанда анықталған кемшіліктерге қатысты жауапты қызметкерлерге нақты ескертулер жасап, жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.