Шымкентте оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында кәсіптік бағдарлау жобалары басталды.

26 мамыр мен 27 маусым аралығында 9–10-сынып оқушылары үшін «EduCampShym» жобасы жұмысын бастады. Жоба қаладағы 9 жоғары оқу орнының базасында өтіп жатыр. Ал 7–8-сыныптарға арналған «PROF START» бағдарламасына 33 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы тартылған.
– Жазғы лагерьлердің әр күні нақты бір бағытқа арналып, танымдық және тәжірибелік сабақтармен толықтырылуда. Мақсат – баланың демалысын тиімді өткізіп, кәсіби бағдар беру, – дейді Шымкент қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы Бағлан Үмбетбаев.
Әр ЖОО-да үш ауысымдық 10 күндік бағдарламалар құрылып, оқушылар зертханалық жұмыстарға қатысып, жобалар әзірлеп, мамандық иелерімен тікелей танысуда.
Мәселен, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өткен «EduCampShym» күндерінің бірі филология бағыттарына арналды. Қазақ, орыс, шетел тілдері мамандықтарының өкілдері оқушылармен кездесіп, мамандықтың ерекшеліктерімен бөлісті. Үш тілде өткен дебаттар мен ойындар оқушылардың қызығушылығын арттырды.
– Алғашында дәрігер болам деп ойлағанмын. Бірақ педагогика саласы да қызықты екенін байқадым. Биология пәнінің мұғалімі болуға ниетім бар, – дейді жобаға қатысушы, №15 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Салтанат Шамшидин.
Осылайша, жаз – Шымкент оқушылары үшін демалыспен қатар, болашақ мамандығына дайындық кезеңіне айналуда. Кәсіптік бағдарлау жобалары – олардың қызығушылығы мен әлеуетін анықтауға бағытталған маңызды бастама.