Сауран ауданында 2025 жылдың басынан бері ауылшаруашылығы саласында 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы аудан әкімі Мақсат Таңғатаров БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл жалпы құны 16,4 млрд теңге болатын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Соның бірі – құны 2,5 млрд теңге болатын «Eco-Chicken» құс фабрикасы келесі жылы Шаға ауылында іске қосылады. Ал «Ақ Сауран» ЖШС 700 гектар аумаққа жаңбырлатып суару жүйесін орнатуда.
Ауданның 2030 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 4 162 жаңа жұмыс орны құрылмақ. 2025 жылдың соңына дейін 100 млрд теңге инвестиция тартылып, 30 жаңа өндірістік кәсіпорын ашылады.
Туризм саласы да даму үстінде. 2023 жылы өңірге келген туристер саны 100 мыңға жуықтаған. Ауданда 54 тарихи нысан бар, оның үшеуі – республикалық маңызға ие. Биыл бұл салада 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылып, 164 адам жұмыспен қамтылады. Үшқайық ауылдық округінде 20 гектар аумақта емдік-сауықтыру аймағын салу жоспарлануда.
Инфрақұрылым бойынша да оң өзгерістер бар. Аудандағы 33 елді мекеннің 32-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл тағы бірнеше ауылдың жүйелері жаңартылып, 24 сағаттық сумен жабдықтау қамтамасыз етіледі. Электрмен қамту бойынша 2024 жылы 56 трансформатор ауыстырылып, 17 шақырым электр желілері жаңартылды. Биыл тағы 12 трансформатор орнатылып, қосымша 13 шақырым желі жаңартылады.
Табиғи газбен қамту деңгейі бүгінде 43,3%-ды құрайды. Жыл соңына дейін тағы 1 790 абонент қосылып, бұл көрсеткіш 45,6%-ға жетпек.