4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қазығұрт ауданында жастардың патриоттық рухын көтеруге бағытталған ерекше іс-шара ұйымдастырылды. Аудан жастары қасиетті Қазығұрт тауының шыңына көтеріліп, еліміздің көк байрағын желбіретті.

Шараны Қазығұрт аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды. Жастар теңіз деңгейінен 1768 метр биіктікте орналасқан тау шыңына жаяу көтеріліп, сол биіктікке мемлекеттік туды орнатты. Бұл бастама жастардың бойында отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыруды, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат етті.
Қазығұрт тауы – тарихи әрі киелі мекен. Оның ұзындығы 22 шақырымды, ені 10 шақырымды құрайды. Шыңға шығу жастар үшін тек физикалық сынақ қана емес, рухани серпіліс көзіне айналды.
Іс-шара барысында қатысушылар мемлекеттік рәміздердің тарихы мен маңыздылығы жөнінде тың ақпарат алып, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін еске алды. Шара соңында жастар мемлекеттік Әнұранды бірге орындап, естелік суретке түсті.