Шымкент Мемлекеттік рәміздер күнін елдік рухпен атап өтті

Шымкент қаласындағы ең биік Ту тұғырында мыңдаған жүрек бір ырғақта соғып, Мемлекеттік гимн әуеледі. Сағат 11:00-де қала аспанын шарлаған осы ерекше сәт ел бірлігі мен патриоттық рухтың символына айналды.

Бұл кең ауқымды акция Мемлекеттік рәміздер күнінің басты оқиғасына айналып, шын мәнінде біріктіруші шара болды.

Алаңға қаланың түкпір-түкпірінен ақсақалдар, студенттер, мәслихат депутаттары, әртістер, ұстаздар мен балаларымен келген аналар жиналды. Мыңдаған дауыс бір арнаға тоғысып, бұл хордан құрмет, мақтаныш пен Отанға деген сүйіспеншілік сезілді.

Гимн шырқалар алдында мерекелік шеру өтті. Көк байрақтың жүздеген үлкен және шағын нұсқалары желбіреп, алаңды ерекше рухқа бөлеп шықты. Артынша алаңда бір сәтке үнсіздік орнап, жүректер үндескендей күйге бөленіп, Мемлекеттік гимн әуеледі.


Мерекелік шаралар сағат 16:00-де Арбатта жалғасын таппақ. Мұнда шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары марапатталады. Байқау әлеуметтік желідегі үздік жарияланым, бейнеролик, іс-шара және сурет номинациялары бойынша өтті. Ерекше атап өтерлігі — суретшілер өз туындыларын көрермен көзінше салып, өнер мен елдік рухты ұштастырмақ.

Кешкі сағат 20:00-де ShymCity саябағында мерекенің жарық шоу-презентациясы өтеді. Мемлекеттік рәміздердің тарихы заманауи технологиялар көмегімен музыкалық фонтанда бейнеленеді. Сонымен қатар амфитеатрда патриоттық әндер кеші ұйымдастырылады. Бұл — бүкіл отбасы үшін ашық аспан астында, музыка мен мағынаға толы кешті бірге қарсы алуға мүмкіндік.

Бүгін Шымкенттің әр бұрышынан мерекелік көңіл күй сезіледі. Сауда және ойын-сауық орталықтары да бұл күнге орай концерттер, шеберлік сабақтары, ойындар мен флешмобтар өткізуде.

Осы күні көк туымыз түстес аспанға көз тастасаң, жүрегіңде ерекше сезім оянары анық: Қазақстан – бұл менің елім. Шексіз мақтанышпен, махаббатпен өмір сүргім келетін қасиетті мекенім.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *