Түркістан облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ) алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында кешенді профилактикалық шаралар атқарылуда.

Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ақерке Еркінбекова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, өткен жылы облыстық зоо-паразитологиялық топтардың қатысуымен 781 елді мекенде кенеге қарсы барлау жұмыстары жүргізілген. Жиналған 62 918 дана кенеге зертханалық сараптама жасалып, оның 136-сынан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы вирусының қоздырғышы анықталған.

«2024 жылы облыс аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы дертіне 11 адам шалдықты. Оның төртеуін кене шаққан, алтауы – мал күтімімен айналысқан, біреуі – табиғи ошақ аумағында егістікпен шұғылданған. Барлық эпидемиологиялық ошақта ауру көзі мен жұқтыру жолдарын анықтау мақсатында тексеру жұмыстары толық көлемде жүргізілді. Қора-жайлар мен ауыл шаруашылығы малдарынан 3 468 кене жиналып, зерттелген 16 сынамадан ауру қоздырғышы табылды», – деді Ақерке Еркінбекова.
Спикердің айтуынша, былтырғы жылы облыста 1 416 адамды кене шағып, олар медициналық ұйымдарға жүгінген. Ал 2025 жылдың басынан бері осындай 597 жағдай тіркеліп отыр. Қазіргі таңда биыл Конго-Қырым қызбасын жұқтырған бір жағдай анықталған.
Департамент өкілдері тұрғындарды кене шаққан жағдайда уақыт оздырмай, дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырады.
«Бұл аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – тазалық сақтау, кенеге қарсы қорғану шараларын қолдану және қажет болған жағдайда дәрігерге жедел қаралу», – деді ведомство өкілі.