Астанада Қазақстан мен Грекия арасындағы кезекті саяси консультациялар өтті

Астанада Қазақстан Республикасы мен Грекия Республикасы Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың екінші кезеңі өтті, деп хабарлайды Bozyq.kz Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қос тараптың делегациясын ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры Данияр Сейдәлиев пен Грекия СІМ А5 департаментінің директоры Димитриос Михалопулос басқарды. Кездесу барысында тараптар Астана мен Афина арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілік білдірді.

Парламентаралық өзара іс-қимылды жандандыру, шарттық-құқықтық базаны кеңейту, сондай-ақ гуманитарлық байланыстарды дамытуда диаспоралардың оң рөлі атап өтілді.

Сонымен қатар, тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестік мәселелерін қарастырып, энергетика, көлік, логистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қаржы, ауыл шаруашылығы және климаттың өзгеруі сияқты перспективалы салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударды.

Кездесу аясында халықаралық ұйымдар, соның ішінде Еуропалық одақ, БҰҰ және ЕҚЫҰ шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелері бойынша да пікір алмасылды.

Консультациялар нәтижесінде Қазақстан мен Грекия сындарлы серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған бірлескен күш-жігерді жалғастыруға уағдаласты.

Сапар шеңберінде грек делегациясын ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко да қабылдап, қазақ тарапының екіжақты күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша ашық әрі белсенді диалог жүргізуге дайын екенін жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *