Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Елекеев Швеция Сыртқы істер министрлігінің сауда саясаты жөніндегі бас директоры Камилла Мелландермен және Швецияның жетекші компанияларының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Bozyq.kz Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іскерлік кездесудің басты мақсаты – екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдетіп, инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілету. Қазақ тарапы Швецияны Еуропадағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, бірқатар басым салаларда нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Келіссөздер барысында Қазақстан нарығына қызығушылық танытқан швед компаниялары таныстырылды. Олардың қатарында телекоммуникациялық жабдықтар саласындағы жаһандық көшбасшы «Ericsson», тау-кен техникасын өндіруші «Epiroc», бұрғылау және өңдеу технологиялары бойынша маманданған «Sandvik Mining», дәнекерлеу шешімдерін ұсынатын «ESAB AB», сондай-ақ өнеркәсіптік және технологиялық әлеуеті жоғары «Olofsfors», «IBG Aero» сынды компаниялар бар.
Қазақ тарапы шетелдік инвесторларға қолайлы макроэкономикалық жағдай, мемлекеттік қолдау шаралары және жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде институционалдық сүйемелдеу ұсынылатынын атап өтті. Әсіресе, цифрландыру, жасыл индустрия, телекоммуникациялар, инфрақұрылым, тау-кен өндірісі мен қайта өңдеу салаларындағы серіктестік ерекше қызығушылық тудырды.
Кездесу барысында Әлібек Қуантыров Қазақстанның Скандинавия елдерімен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін атап өтті:
«Қазақстан Еуропа елдерімен, соның ішінде Скандинавия мемлекеттерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуге үлкен мән береді. Біз тәжірибе алмасуға, цифрландыру, орнықты даму, машина жасау және жаңа технологияларды енгізу салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Қазақстан мен Швеция арасындағы серіктестік прагматикалық ынтымақтастықтың үлгісіне айналады деп сенемін», – деді ол.
Тараптар сондай-ақ технологиялық алмасу, кадрларды кәсіби даярлау және бірлескен ғылыми бастамалар мәселелерін де талқылады. Бұл бағыттар болашақтағы өнеркәсіптік кооперацияның берік іргетасы бола алады.
Кездесу қорытындысы бойынша екі тарап нақты бағыттар бойынша жұмысты жалғастыруға және ұсыныстарды егжей-тегжейлі пысықтауға уағдаласты.