Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Орталық Азия – Үндістан» диалогының төртінші министрлік кездесуіне қатысып, бірқатар маңызды бастамаларды ұсынды,-деп хабарлайды Bozyq.kz Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форум барысында тараптар көлік және логистика, өңірлік ынтымақтастық, терроризмге қарсы күрес, сондай-ақ озық технологияларды дамыту сынды бағыттарда серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Мұрат Нұртілеу өз сөзінде «ОА–Үндістан» көпжақты форматындағы өзара іс-қимылды нығайтудың өзектілігін атап өтіп, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін стратегиялық бағыттарда бірлескен жұмысты жандандыру қажет екенін айтты.
Министр Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетіне ерекше тоқталды. Қазақстан бұл дәліз арқылы Азия мен Еуропа арасында жүк тасымалын қауіпсіз әрі тиімді түрде қамтамасыз етуге ниетті. Осы ретте үнді компанияларын маңызды инфрақұрылымдық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
– Орталық Азия Қазақстан арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыра алатын маңызды логистикалық хабқа айналуда, – деді Мұрат Нұртілеу.
Кездесуге қатысушылар қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп әрекет етудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар экологиялық проблемалар, трансұлттық қатерлердің алдын алу және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту жолдары қарастырылды.
Қазақстан тарапы «ОА–Үндістан» форматының институционалдық тетіктерін жетілдіру, өңіраралық сауданы әртараптандыру, транзиттік бағыттар мен жасыл энергетиканы дамыту, сондай-ақ цифрландыру, қаржылық технологиялар және IT салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.
Форум қорытындысында тараптар «Орталық Азия – Үндістан» форматы аясындағы көпжақты өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге ортақ бейілділікті растайтын Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.