Душанбеде өткен мұздықтарды қорғау жөніндегі халықаралық конференция аясында Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан су ресурстары саласындағы маңызды құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Bozyq.kz Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация Министрлігіне сілтеме жасап.

Үш елдің салалық министрлері 2025 жылдың маусымынан тамызына дейін «Бахри Точик» су қоймасын бірлесіп пайдалану жөніндегі хаттамаға қол қойды.
Құжатта вегетациялық кезеңнің ең жауапты кезеңінде суды әділ бөлуге бағытталған су қоймасының жұмыс кестесі бекітілген. Келісімге сәйкес, Қазақстанға аталған кезеңде 491 миллион текше метр су жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл келісімді өңірлік ынтымақтастықтың нақты көрінісі ретінде атап өтті.
– Біз үшін ең маңызды бағыттардың бірі – елдеріміз арасындағы өзара сенім мен серіктестікті нығайту. Су – бұл жай ғана табиғи ресурс емес, ол тұрақты даму мен өңірлік қауіпсіздіктің негізі. Біз халықаралық су құқығы қағидаттарына сүйене отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Тек бірлесе әрекет ету арқылы ғана климаттық сын-қатерлерге тиімді төтеп бере аламыз, – деді министр.
«Бахри Точик» су қоймасы – Орталық Азиядағы маңызды су нысандарының бірі. Оны ортақ пайдалану туралы келісім өңірдегі су тапшылығын азайтуға, ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға және трансшекаралық ынтымақтастықты нығайтуға сеп болмақ.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы климаттың өзгеруі мен су ресурстарының сарқылуына байланысты су қауіпсіздігі мәселесін ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қарастырып келеді. Соңғы жылдары ел үкіметі су тапшылығын жою, су ресурстарын тиімді басқару және трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастықты нығайту мақсатында бірқатар стратегиялық бастамалар мен шараларды қолға алды.
Қазақстанның көтеріп отырған бастамалары – тек ішкі қажеттіліктерді шешуге бағытталған қадамдар ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия өңірінде су ресурстарын әділетті әрі орнықты басқару үлгісін қалыптастыруға арналған маңызды ұсыныстар. Су тапшылығын болдырмау, ресурсты үнемдеп пайдалану және болашақ ұрпақ үшін су қауіпсіздігін қамтамасыз ету – елдің ұзақ мерзімді стратегиялық басымдығына айналып отыр.