Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Экологтар күніне орай елімізде «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында республикалық экологиялық акциялар легі басталды. Іс-шаралардың басты мақсаты – халықтың экологиялық мәдениетін арттырып, қоршаған ортаны қорғауға кеңінен тарту.
Үш ірі экологиялық бастама
Биыл елімізде үш маңызды экологиялық жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Қоғамдық эко-бақылау» республикалық акциясы. Бұл бастама барлық өңірлерде үш кезеңмен өтеді. 5-15 маусым аралығында туристік және тарихи-мәдени нысандардың экологиялық жай-күйіне мониторинг жасалса, 16-25 маусым күндері көгалдандыру, суару және бейберекет қоқыс орындарын бақылау көзделіп отыр. Ал 26 маусым мен 5 шілде аралығында жер қойнауын пайдалану саласындағы қоғамдық бақылау шаралары өтеді. Акцияға өңірлік қоғамдық кеңестер белсенді атсалысуда.
Екінші бастама – «10 экологиялық әдет» жобасы. Бұл бастама арқылы күнделікті өмірде оңай қолдануға болатын экодағдылар кеңінен насихатталуда. Қатысушылар әлеуметтік желілер арқылы өз үлгілерін көрсетіп, жұртшылықты, әсіресе жастарды, экологиялық сана мен тұрақты өмір салтына үндейді.
«Таза жағалау» эко-марафоны – ел көлемінде
Маңызды экологиялық іс-шаралардың бірі – «Таза жағалау» республикалық эко-марафоны. 5-10 маусым аралығында өткен марафон барысында өзен-көл жағалаулары тұрмыстық және өндірістік қалдықтардан тазартылып, еліміздің түкпір-түкпірінде 80-нен астам шара ұйымдастырылды.
Марафон аясында:
-
қоқыс жинау және қалдықтарды сұрыптап жинау бойынша акциялар,
-
жастарға арналған экологиялық викториналар,
-
кәсіпкерлермен бірлескен экокүндер мен шеберлік сабақтары,
-
флешмобтар мен отбасылық форматтағы шаралар,
-
ауылдық жерлерде арнайы экотазалық акциялары өтті.
Марафон соңында белсенді қатысушыларға алғыс хаттар табысталады.
Жалғасын тапқан игі бастама
Аталған бастамалар – 2024 жылы басталған табысты экологиялық жобалардың жалғасы. Биылғы іс-шаралардың нәтижелері мен үздік экологиялық идеялар #ТазаЖағалау2025 және #TazaQazaqstan хэштегтері арқылы әлеуметтік желілерде кеңінен таратылады.