Қазақстанда Solana негізіндегі алғашқы блокчейн экономикалық аймақ ашылды

Қазақстан цифрлық трансформация мен Web3 технологияларын дамыту бағытында маңызды қадам жасады.  Елордада Орталық Азиядағы алғашқы Solana негізіндегі Solana Economic Zone Kazakhstan (SEZ KZ) экономикалық аймағы ресми түрде іске қосылды.

Astana International Forum 2025 аясында өткен шара Solana Foundation қолдауымен ұйымдастырылып, оған мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар және жаһандық Web3 экожүйесінің көшбасшылары қатысты.

SEZ KZ — бұл цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған мамандандырылған платформа. Мұндай аймақтар әлемдік тәжірибеде технологиялық серпіліске серпін беретін тиімді құрал ретінде қарастырылады. Мысалы, Дубайда орналасқан DMCC Crypto Centre табысты жұмыс істеп келеді — онда ондаған блокчейн-компания шоғырланған, қолайлы реттеу тетіктері енгізілген және стартаптарға инфрақұрылым мен инвестицияға жол ашылған.

Қазақстан да осы тәжірибені өз стратегиялық мақсаттарына бейімдеп отыр. SEZ KZ платформасы тәжірибе алмасуға, жаңа шешімдерді сынауға және қазақстандық жобаларды жаһандық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жобаның маңыздылығына ерекше тоқталып өтті:

«Біз тұрақты әрі бәсекеге қабілетті цифрлық экожүйе құруға ұмтыламыз. Solana Economic Zone сияқты жобалар бізге активтерді токенизациялаудан бастап, Web3 саласындағы кадрлық әлеуетті дамытуға дейінгі жаңа тәсілдерді сынап көруге және енгізуге мүмкіндік береді», — деді министр.

Іс-шара барысында энергетика, қаржы, агротехнология, ойын индустриясы және сауда салаларында жұмыс істейтін стартаптар өздерінің блокчейн негізіндегі шешімдерін таныстырды. Құнды қағаздар, алтын, жылжымайтын мүлік сынды активтерді токенизациялау мүмкіндіктері де талқыланды.

Кездесу нәтижесінде бірқатар стратегиялық келісімдерге қол қойылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *