Мұрат Нұртілеу ЕҚЫҰ төрайымымен кездесті

Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) қазіргі төрайымы – Финляндия Республикасының Сыртқы істер министрі Элина Валтоненмен  кездесті. 

Кездесу барысында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті бағыттары, сондай-ақ Қазақстан мен Финляндия арасындағы өзара іс-қимылды барлық салалар бойынша кеңейтуге қатысты бірлескен қадамдар талқыланды.

ҚР Сыртқы істер министрі биік және жоғары деңгейдегі байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Финляндияны Солтүстік Еуропадағы және Еуропалық Одақ шеңберіндегі Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі ретінде атап көрсетті. Ол сондай-ақ Астана мен Хельсинки арасындағы саяси диалогты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.

Тараптар Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның өзара тиімді іскерлік байланыстарды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Экономикалық серіктестіктің әлеуетін толық ашу мақсатында тараптар көлік және логистика, су ресурстарын және орман шаруашылығын басқару, инновациялар, энергетика және «жасыл» технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін қарастырды.

Мұрат Нұртілеу фин іскерлік қауымдастығын Қазақстандағы индустриялық-инновациялық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Министрлер барлық деңгейдегі өзара сапарлар алмасуы мемлекетаралық байланыстарға қуатты серпін беріп, екі ел арасындағы серіктестікті сапалы жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететіні жөнінде ортақ пікірге келді.

Келіссөздер барысында ЕҚЫҰ кеңістігіндегі және Ұйым ішіндегі қазіргі ахуал, сондай-ақ қатысушы мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту және сындарлы диалогты қалпына келтіру жолдары бойынша пікір алмасу өтті.

Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Ұйымның негізін қалаушы құжат – Хельсинки Қорытынды актісінің қабылданғанына 50 жыл толуына орай Финляндияның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар, бұл жыл екі есе мерейтойлы екені де айтылды. Себебі 15 жыл бұрын, 2010 жылы Қазақстан астанасында өткен және Ұйым үшін тарихи маңызы бар Саммиттің қорытындысы бойынша ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Астаналық декларацияны қабылдаған болатын. Бұл құжатта Хельсинки актісінің негізгі қағидаттары бекітілген.

Мұрат Нұртілеу өңірдегі күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, ЕҚЫҰ өзінің кеңістігіндегі дағдарыстарды реттеуге арналған маңызды келіссөз алаңы ретінде қала беретінін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ аясындағы барлық міндеттемелерін адал орындауға бейілді екенін нақты білдірді.

Өз кезегінде, Элина Валтонен Финляндияның төрағалық кезеңіндегі басымдықтармен таныстырып, олардың негізгі мақсаты – қатысушы мемлекеттер мен Ұйымның жалпы орнықтылығын, дағдарыстарға жауап беру және кейін қалпына келу қабілетін арттыру екенін айтты.

Фин тарапы Финляндияның төрағалығын қолдағаны және ЕҚЫҰ аясындағы Қазақстанның белсенді рөлі үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Орталық Азия ЕҚЫҰ үшін маңызды өңір болып саналады, ал ЕҚЫҰ-ның далалық миссиялары аймақтағы елдерге реформаларды жүзеге асыруда және қауіпсіздіктің үш өлшемі – әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық бағыттар бойынша жобаларды ілгерілетуде қолдау көрсетуді жалғастыруда.

Келіссөздер барысында трансұлттық сын-қатерлер мен климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі ынтымақтастық, шекара қауіпсіздігін және көлік байланыстылығын нығайту, сондай-ақ құқық үстемдігі мен азаматтық қоғамды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты форматта да, өңірлік алаңдар шеңберінде де тұрақты диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *