Қазақстанда «жасыл» алюминий өндіру кластері құрылмақ

Қазақстанда алюминий өндіру бойынша толық циклді жоғары технологиялық өндіріс кластері құрылуы мүмкін,- деп хабарлайды Bozyq.kz Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап. 

Бұл бастама Қытайдың East Hope Group корпорациясымен әріптестік аясында жүзеге асырылмақ. Жобаны іске асыру мәселесі Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен аталған компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Лю Юнсин арасындағы келіссөз барысында талқыланды.

 

Кешен Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы 11 боксит пен көмір кен орнын игеру, жылына 6 млн тонна өнім шығаратын тау-кен байыту комбинатын, 3 млн тонна алюминий өндіретін электролиз зауытын және 4,5 ГВт қуаттылығындағы жылу электр станциясын қамтиды.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 12 млрд АҚШ долларынан асады. Іске асыру барысында 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, ERG холдингі шикізат жеткізуші және ықтимал әріптес ретінде тартылуы мүмкін.

Министрлік жобаны арнайы экономикалық аймақ шеңберінде жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық қолдауды көрсетуге әзір екенін білдірді. Атап айтқанда, кешенді «Павлодар» АЭА аумағына қосу немесе жеке қосалқы аймақ құру мәселесі қарастырылуда.

Жоба экологиялық таза технологияларды енгізу және айналмалы экономика қағидаттарын сақтау арқылы жүзеге асырылады.

East Hope Group төрағасы Лю Юнсин Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі индустриялық орталық ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Ол компанияның алюминий, энергетика және агроөнеркәсіп бағытындағы ұзақмерзімді жоспарлары үшін еліміздің ресурстық базасы мен өндірістік әлеуетін жоғары бағалады.

Анықтама:
East Hope Group – Қытайдың ірі өнеркәсіптік корпорацияларының бірі. Компания түсті металлургия, полисилиций, жаңартылатын энергия және жоғары технология салаларында жобаларды іске асырады. Әлемдік индустриялық көшбасшылар қатарында.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *