Қазақстан халықаралық әуежайларында туристерге арналған QR-код жүйесі енгізілді,- деп хабарлайды Bozyq.kz ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жоба Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес, Туризм және спорт министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылғанын мәлімдеді.
Жаңа жүйе елімізге келген шетелдік туристердің жайлылығын арттыруға бағытталған. QR-код арқылы келушілерге қажетті бірқатар маңызды қызметке қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Атап айтқанда:
– электронды SIM-карта рәсімдеу,
– ресми такси қызметтері,
– қонақ үйлерді онлайн брондау,
– шетел азаматтарын тіркеу тәртібі,
– өңірдегі туристік нысандар туралы анықтамалық ақпарат ұсынылады.
Министрдің айтуынша, бұл бастама туристерді алаяқтық әрекеттерден қорғауға, сондай-ақ такси, байланыс, валюта айырбастау және өзге де қызмет түрлерінде жиі кездесетін келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді: жүйе туристердің ақпаратқа жедел қол жеткізуін қамтамасыз етіп, қалаларды еркін аралауға жол ашады.
Еске салайық: 2024 жылы Қазақстанға 15,3 миллион шетелдік азамат келген. Олардың 10,4 миллионы ел аумағында бір күннен артық уақыт өткізіп, шетелдік турист мәртебесін иеленген. Бұған қоса, өткен жылы ішкі туризммен айналысқан отандық саяхатшылар саны 10,5 миллионға жетті. Бұл көрсеткіш – Қазақстанда туризм саласына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын білдіреді.
QR-код жүйесін енгізу – туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және олардың еліміздегі сапарын барынша жайлы етуге бағытталған маңызды қадам.