Түркістан қаласында Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалы ашылады

Түркістан қаласында Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің заманауи филиалы бой көтеруде. Қазіргі таңда оқу ордасының құрылысы мен ұйымдастыру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. 

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасы аясында Түркістанда «Woosong» университетінің филиалын биыл іске қосамыз. Құрылыс жұмыстары тұрақты бақылауда болуы тиіс. Жастарға сапалы білім беру үшін оқу орны білікті профессорлармен, заманауи материалдық-техникалық базамен және қажетті оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілуі қажет. Жауапты сала мамандарына жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде атқару тапсырылды, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

2024 жылғы 1 сәуірде Түркістан облысының әкімдігі мен Корея Республикасының «WOOSONG» білім қоры арасында Түркістан қаласында ақпараттық технологиялар саласында жоғары оқу орнын ашу туралы меморандумға қол қойылған болатын. Ал 1 шілдеде «Түркістан қаласында әкімшілік ғимарат салу» инвестициялық жобасын жүзеге асыру бойынша бірлескен келісім жасалды. Университет ғимаратының құрылысы 2025 жылдың 15 маусымында аяқталады деп жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалған. Нысанда 130 адам еңбек етуде.

Қазақстан жоғары білім кеңістігінде халықаралық серіктестіктердің артуы – сапалы кадрлар дайындаудың басты кепілі. Осы орайда Түркістанда «Woosong» университетінің ашылуы – аймақтың білім беру әлеуетіне тың серпін береді, – дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, білім беру ісінің сарапшысы Ләззат Қалиева.

Университет филиалы 4 факультеттен тұрады және 2340 студентті қабылдай алады. Олар келесі мамандықтар бойынша білім алады деп күтілуде:
– Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау;
– Бағдарламалық қамтамасыз ету;
– Төртінші өнеркәсіптік революция (ақылды зауыт);
– Мультимедиа және веб-дизайн.

Сонымен қатар, оқу бағдарламаларын ҚР мемлекеттік білім стандарттарына сәйкестендіру және реестрге енгізу жұмыстары жүргізілуде. Студенттер үшін 600 орындық жатақхананың құрылысы жергілікті жеке кәсіпкердің қолдауымен жүріп жатыр және аяқталуға таяу.

Айта кетейік, бұл бастама ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлескен жобасы ретінде жүзеге асырылуда. Жаңа университет – өңір жастары үшін сапалы білімге қолжетімділікті арттырып, ІТ саласындағы кадрларды даярлауға серпін бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *