Түркістанда түркі өркениетіне арналған халықаралық симпозиум өтті

Түркістан қаласында Түркі өркениетінің сәулет ескерткіштерін зерттеу, сақтау және қалпына келтіру мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми басқосу өтті. «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» атты ІІ Халықаралық симпозиум Түркі мәдениеті және мұрасы қорының бастамасымен, отандық серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.

«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен маңызды жиынға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Венгрия және Қазақстаннан келген сәулетшілер, реставраторлар, тарихшылар мен мәдениет саласының сарапшылары қатысты. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен жетекші ғалымдар да басқосудан қалыс қалмады.

Симпозиумның ашылу рәсімін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Жанар Темірбекова жүргізді. Отырысқа Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «AMANAT» партиясының облыстық филиал төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев және Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қатысты.

Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев симпозиум жұмысына сәттілік тілеп, бұл шараның Түркістанда өтуі – үлкен мәртебе екенін атап өтті.

– Түркістан облысы – тарихи-мәдени мұраларға бай өлке. Мұндай халықаралық ауқымдағы жиындар аймақтың тарихи маңызын арттыра түседі. Бірлескен ізденіс пен тәжірибе алмасу арқылы сәулет мұрасын сақтаудың жаңа кезеңіне қадам басамыз, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Ал Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қордың негізгі бағыттарына тоқталып, атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады. Оның айтуынша, Қор жанынан құрылған тарихшы-сәулетшілер мен реставраторлардың консультативті кеңесі ортақ мұраны сақтауда маңызды бастама болмақ.

Симпозиум барысында Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстан ғалымдары мен сарапшылары өз баяндамаларымен бөлісті. Атап айтқанда, Әзербайжан Археология және антропология институты директорының орынбасары З.Гасанов, Өзбекстанның халықаралық туризм және мәдени мұра университетінен М.Юсупова және Қ.А. Ясауи атындағы университеттен профессор, тарих ғылымдарының докторы М.Қожа сөз сөйледі.

Халықаралық басқосудың басты мақсаты – Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытып, сәулет және реставрация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Симпозиумға қатысушылар сәулет мұрасы саласындағы өзекті мәселелерді бірлесе талқылап, тәжірибе алмасу алаңын құрды.

Іс-шара аясында Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қ.А. Ясауи атындағы университетте Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрме ашылып, «Мың заман – бір Түркістан» атты музыкалық қойылым сахналанады.

Симпозиум соңында «Түркі өркениетінің тарихи-мәдени маңызы және ескерткіштерін зерттеу» және «Сәулет ескерткіштерін сақтау және қалпына келтіру» атты секциялар бойынша ғылыми баяндамалар тыңдалып, пікір алмасу жалғасын тапты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *