Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо ресми келіссөз өткізді. Келіссөздер кеңейтілген құрамда өтті. Тараптар екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылап, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестікті найығтуға келісті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Словакияны Еуропадағы сенімді әрі маңызды әріптес ретінде атап өтті.
– Словакия Еуропа Одағына мүше елдер арасында қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Бұл жетістік – Сіздің Үкімет басшысы ретіндегі көреген басшылығыңыздың айқын көрінісі. Сіз ұстанған сындарлы саясат пен жаһандық мәселелерге қатысты нақты ұстанымдарыңыз халықаралық қауымдастықтың құрметіне ие. Біз саяси диалогтың тереңдей түсуін, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуын, көпжақты форматтағы ықпалдастықтың тиімді жүзеге асуын жоғары бағалаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Словакия арасындағы өзара ынтымақтастық берік құқықтық базаға негізделген. Бүгінде елімізде Словакия капиталы қатысатын 30-дан астам компания тіркелген. Олардың қатарында 22 бірлескен кәсіпорын түрлі салада табысты жұмыс жүргізуде.
Президент экономикалық әріптестікті әртараптандырудың маңыздылығына тоқталып, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру, стратегиялық шикізат материалдары, білім және туризм салаларында үлкен әлеует бар екенін жеткізді.
Өз кезегінде Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо қазақ жерінде көрсетілген қонақжайлылық пен құрмет үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді.
– 1944–1945 жылдары Словакияны азат ету жолында Кеңес әскері құрамында мыңдаған қазақстандық сарбаз жауға қарсы ерлікпен шайқасты. Олардың 60 мыңға жуығы Словакия жерінде қан төкті. Бұл тарихи ерлікке біздің халқымыз мәңгі қарыздар. Қазақстанды әділетті әрі өркендеген мемлекетке айналдыру жолындағы бастамаларыңызды жоғары бағалаймын. Еуропа Одағына мүше елдерге өзге өңірлердегі серіктестердің тәжірибесін зерттеу қажет екенін үнемі айтып келемін. Біз жаһандық серіктестік аясында өзара тиімді қарым-қатынасты нығайта береміз, – деді Роберт Фицо.
Келіссөздер барысында тараптар қазақ-словак қатынастарын одан әрі тереңдетуге, жаңа экономикалық бастамаларды жүзеге асыруға және көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.