Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы достық пен әріптестіктің жаңа көкжиегін айқындап берді. Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан қазақ-қытай қарым-қатынасы бұл жолғы сапардан кейін одан әрі нығая түспек.
Сапар аясында қос тарап ондаған екіжақты құжаттарға қол қойып, ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Сондай-ақ Қытай тарапы Қазақстанға гранттық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл – ел экономикасы мен әлеуметтік дамуына серпін беретін маңызды қадам.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстан мен Қытай азаматтары визасыз қатынай алады. Бұл жаңалық туризм саласына тың серпін беріп, шекара ашылған сәттен-ақ көрші елдің туристері топ-тобымен ағылып келе бастағанын ақпарат құралдары жарыса жазды. Сонымен қатар бұл келісім қазақ кәсіпкерлеріне де үлкен жеңілдік алып келді. Қытайдан тауар тасымалдайтын кәсіп иелері үшін логистикалық мүмкіндіктер айтарлықтай кеңейді. Бүгінде контейнерлерге тиелген қытайлық өнімдер Қазақстан аумағы арқылы әлемнің түрлі нүктелеріне жөнелтіліп жатыр.
Қытайдың әлемдік экономикалық қуаты күн санап артып келеді. Қазірдің өзінде әлемдегі екінші экономикалық держава саналады. Жуырда көлік өндірісі бойынша да әлем көшбасшысы атанғаны белгілі. Бұл болжамды сарапшылар осыдан он жыл бұрын айтқан еді – бүгінде сол болжам шындыққа айналды.
Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сенім мен тиімді әріптестік ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және мәдениет салаларын да қамтып отыр. Жуырда жарияланған мәліметке сәйкес, еліміз Қытайға 1500 бас киік беруге ниетті. Бұл – биоәртүрлілікті сақтау бағытындағы ынтымақтастықтың белгісі. Қызығы, еліміздің шалғай ауылдарында бүгінде малды Қытайдан әкелінген мотоциклмен бағып жүргендер көп. Бір кездері “Минск”, “Юпитер” сынды кеңестік техникалармен жүретін ағайынның көлік таңдауы бүгінде өзгеріп үлгерді.
Си Цзиньпин мырзаның бұл жолғы сапары жоғары деңгейдегі дипломатиялық протокол аясында өтті. Қазақстан тарапы көрші ел көшбасшысын тиісті құрметпен қарсы алып, шығарып салды.
Айтпақшы, Астанада көптен бері сөз болған LRT жобасының құрылысы биыл толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл да ел астанасындағы көлік инфрақұрылымын жаңғыртудың бір бағыты ретінде маңызды орын алады.