Мәулен Әшімбаев: XXI ғасыр – ұлттық бірегейлік дағдарысының дәуірі

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Время» газетінде жарияланған «Реформалар логикасы – 3: XXI ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы» атты мақаласында ұлттық бірегейлікті Жаңа Қазақстанның үшінші тірек элементі ретінде сипаттайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.


Мақалада автор XXI ғасырдың мәндік сипаты ретінде орныққан парадигмалардың күйреуін атап өтеді.

«Ғаламдық тұрақсыздықтың күшеюі, халықаралық қатынастардың қалыптасқан қағидаларының бұзылуы және жаппай жайылып келе жатқан ұлтшыл-популизм – бұл уақытша құбылыс емес, жаңа шындықтың айқын көрінісі. Қазақстан да осы үдерістен шет қалған жоқ», – деп жазады Әшімбаев.

Оның пікірінше, тарих толқынының ағысынан аман өтіп, жұтылып кетпеу үшін мемлекетке мықты ішкі тірек қажет. Бұл – тек экономика немесе саяси жүйе ғана емес, өйткені олар әмбебап және белгілі бір география мен халықтың менталитетіне тәуелді емес. Елді тұтас ұстап тұратын, оны біріктіретін әлдеқайда берік әрі ерекше нәрсе қажет.

«Мұндай “молекулалық байланыс” – дағдарыс кезіндегі сыртқы хаос жағдайында ұлттың ыдырап кетуіне жол бермейтін бірден-бір күш – бұл барша азамат үшін ортақ мәдени-менталдық құндылықтар матрицасына негізделген біртұтас ұлттық бірегейлік», – дейді Сенат төрағасы.

Ұлттық бірегейлік – мемлекеттің басты басымдығы

Мақалада автор ұлттық бірегейліктің қазіргі әлемде экономиканың да, саясаттың да алдында тұратынын атап өтеді.

«Әуелі – ұлттық бірегейлік, содан кейін – экономика мен саясат. XXI ғасырдағы кез келген ел үшін осы үштік ішіндегі басымдық дәл осылай құрылуы керек деп есептеймін», – дейді Әшімбаев.

Осы себепті де, оның пікірінше, 2022 жылғы бетбұрысты кезеңнен бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру жолында реформалар күн тәртібіне ұлттық бірлік мәселесін шығарып, оны барша қазақстандықтарға ортақ ұлттық бірегейлік тұрғысынан қарастырып отыр.

«Біз әртүрлі көзқарастарға ие болуымыз мүмкін, бірақ бәріміз бір ұлтпыз» деген Президенттің қағидаты – дәл осы жаңа сапалы ұлттық тұтастықтың негізі. Бұл – жаңа сипаттағы ұлттық бірегейлікті қалыптастыру арқылы ұлт сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам», – делінген мақалада.

«Тоқаев моделі»: ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың жаңа тәсілі

Әшімбаевтың айтуынша, бұған дейін ұлттық бірегейлікті қалыптастыру үдерісі көбіне стихиялы жүріп, мемлекет тарапынан тек декларативті сипаттағы шаралармен шектеліп келген. Ал жаңа тәсіл – «Тоқаев моделі» – ұлтты біріктіретін ортақ құндылықтарды мемлекеттің өзі қоғаммен бірге саналы түрде іріктеп, қалыптастыруды ұсынады.

«Мұнда бұрынғыдай екі түрлі бірегейлікке бөлетін тәсілден бас тартып, егемендік жылдары бойы табиғи түрде қалыптасқан, барша азаматты біріктіретін мәдени, саяси, экономикалық, тұрмыстық және дәстүрлі құндылықтардың тұтас кешені алға шығарылады. Бұл – механикалық қоспа емес, түрлі құрамдастардың сапалық трансформациясы нәтижесінде пайда болған біртұтас жаңа болмыс», – деп жазады ол.

Мақалада ұлттық құрылымдағы басты бетбұрыс ретінде қазақтың мәдени генотипінің субъектілігін алға шығару қажеттігі айтылған. Бұл – ұлттық бірегейліктің негізіне айналуға қабілетті басты тірек.

«Бұл үрдіс ешқандай зорлықпен емес, өмір сүру ортасы, мәдени ықпал және халықтың сандық басымдығы негізінде табиғи түрде жүріп жатыр. Бұл – жекелеген бірегейліктерді біріктіретін “біртұтас қазақ отбасы” мәдени-менталдық матрицасының қалыптасуы», – дейді Сенат төрағасы.

Айкидо принципі және креативті индустрияның рөлі

Әшімбаев Тоқаев моделінің тағы бір ерекшелігі – табиғи үдерістерге қарсы тұру емес, солардың бағытымен үндесе отырып, қажет кезінде бағыт-бағдар беру екенін атап өтеді.

«Бұл – күрделі тұжырымдамалар мен қымбат бағдарламаларға емес, табиғи ағысқа икемделе отырып, оның бағытын жұмсақ түрде түзетуге негізделген тәсіл. Яғни айкидо қағидасы: табиғи энергияны мақсатқа жұмылдыру», – деп сипаттайды ол.

Сондай-ақ ол бұл модельде прагматизм мен нақты нәтижеге бағдар ерекше орын алатынын айтады.

«Ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда поп-мәдениет, кино, сән, тағам, спорт, әлеуметтік желілердегі контент – бәрі маңызды. Бұл – ең алдымен жастар арасында ұлттық трендтерді қалыптастыратын эмоционалдық толқын», – дейді Әшімбаев.

Осы тұста креативті индустрия – «қазақы болмысты» сәнге айналдыратын негізгі күшке айналуы тиіс.

Ұлттық ренессанс – нақты мақсат

Мақала соңында Мәулен Әшімбаев Тоқаев моделінің түпкі мақсаты – болашақтың сапалы ұлтын қалыптастыру және ұлттық жаңғыруды жүзеге асыру екенін айтады.

«XXI ғасырдағы ұлттың қайта жаңғыруы – бұл 2050 жылдарға дейінгі алыс мақсат емес, нақты және қол жетімді міндет. Ол үшін ұлт өзін біртұтас отбасы ретінде сезініп, ортақ құндылықтар мен ұзақмерзімді даму перспективаларын бөлісуі керек. Бұл – тек ұлттық диалог арқылы жүзеге асады. Сол себепті Президент бастамасымен Ұлттық құрылтай құрылып отыр. Ол – өткеннің тәжірибесі мен болашақтың көкжиегін жалғап тұрған тың институт», – деп түйіндеді Сенат төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *