Алматыдағы «БҰҰ Плаза» ғимаратында аймақтық маңызы зор халықаралық шара – БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Жаһандық шартының көп елдік желісінің ресми іске қосылуына арналған салтанатты рәсім өтті. Аталған іс-шара БҰҰ мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастап беріп, жаһандық тұрақты даму күн тәртібін өңірлік деңгейде ілгерілетуге серпін бермек.

Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Алматы қаласындағы ҚР СІМ Өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдрашов, БҰҰ Жаһандық шартының жаһандық операцияларының басшысы Оле Лунд Хансен және Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы Стивен О’Малли қатысты.
Тұрақты даму жолындағы жаңа қадам
Өзінің құттықтау сөзінде Жәнібек Әбдрашов бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп, жаңа көп елдік желінің іске қосылуы үкіметтердің, бизнес қауымдастықтарының және азаматтық қоғам өкілдерінің күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік беретінін жеткізді. Елші бұл желінің адам құқықтарын қорғау, қоршаған ортаны сақтау, әділ еңбек қағидаларын ілгерілету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағыттарындағы жұмысты күшейтетінін баса айтты.
– «Бұл бастама – тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асырудағы ортақ жауапкершіліктің көрінісі. Ол мемлекеттер мен жеке сектор арасындағы диалогты тереңдетіп, өңірлік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді», – деді ол.
Ауқымды серіктестік әлеуеті
Іс-шара барысында Алматыда орналасқан Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығы мен жаңадан іске қосылған көп елдік желі арасындағы ықтимал серіктестік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл өз кезегінде Қазақстанның аймақтық хаб ретіндегі рөлін айқындай түседі.
Оле Лунд Хансен өз кезегінде бұл бастаманың БҰҰ Жаһандық шарты тарихындағы маңызды бетбұрыс екенін атап өтіп, Орталық Азия елдерімен бірлескен жұмысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдірді.
Қазақстан – өңірлік көшбасшы
Салтанатты рәсім соңында Жәнібек Әбдрашов Қазақстан Үкіметі атынан БҰҰ Жаһандық шартының көп елдік желісінің қызметіне жан-жақты қолдау көрсетілетініне сенім білдіріп, бұл желінің өңірлік қауіпсіздік пен орнықты даму мүдделеріне толық сай келетінін атап өтті.
– «Қазақстан әрдайым халықаралық бастамаларды қолдап келеді. Біз өңірлік тұрақтылық пен даму жолындағы күш-жігерді бірлесе жалғастыруға дайынбыз», – деді ол.
БҰҰ Жаһандық шарты – әлемдегі ең ірі корпоративтік тұрақтылық бастамасы. Ол бизнес пен қоғамдастықтарды БҰҰ-ның әмбебап қағидаттарына сәйкес әрекет етуге үндейді. Енді бұл құндылықтар Орталық Азия кеңістігінде де кеңінен жүзеге асатын болады.