Түркістан облысында 2 мыңнан астам заңсыз контент бұғатталды

Түркістан облысында киберқылмыстармен күрес күшейтілуде. Жыл басынан бері өңірде 317 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Жасұлан Тастемір брифинг барысында мәлімдеді.

Маманның айтуынша, азаматтардан келіп түскен өтініштер негізінде алаяқтық фактілерін анықтау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Құқық қорғау органдарының ауқымды жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ анықталып, 13 күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта аталған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда.

«Құрықталған қылмыстық топтың республика көлемінде 200-ден астам интернет-алаяқтық фактісіне қатысы бары анықталды. Сонымен қатар, Полиция департаменті мен Халықаралық Қазақ-Түрік Университеті арасында жасалған меморандум аясында студенттер мен полиция қызметкерлері бірлесіп, “Кибернадзор” жүйесі арқылы 2 060 құқыққа қайшы контентті бұғаттады», – деді Жасұлан Тастемір.

Сонымен қатар, Түркістан облысында орналасқан білім беру мекемелерінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері мұғалімдер мен студенттерге арналған 350-ге жуық кең көлемді жиналыс өткізілген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *