Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жарияланған «Заң және тәртіп» апталығы аясында елордада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясы салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты.

Үкімет басшысы өз сөзінде жаңа оқу орнының құрылуын Мемлекет басшысының қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және кадрлық әлеуетті жаңғырту жөніндегі жүйелі саясатының аясында жүзеге асырылып отырған маңызды қадам ретінде атап өтті.
— Соңғы жылдары құқық қорғау саласында ағымдағы сын-қатерлерге қарсы нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті құрылды, киберқауіптер мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшелері ашылды. Цифрлық инфрақұрылым мен талдамалық база айтарлықтай күшейтілуде. Академияның ашылуы – құқық қорғау жүйесін дамыту жолындағы елеулі кезең. Біздің міндетіміз – кадрлық әлеуетті нығайту арқылы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа моделін енгізу. Президент ұсынған басты басымдық – азаматтардың қауіпсіздігі мен “Заң және тәртіп” қағидатын орнықтыру, – деді Олжас Бектенов.
Академия құқық қорғау органдарының сервистік моделін дамытуға, сондай-ақ стратегиялық ойлайтын басқарушылар буынын қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, технологиялық жаңашылдықтарды енгізу құралдарын кеңейтіп, жаһандық цифрландыру және жасанды интеллектті қолдану жағдайында көшбасшылық пен бәсекеге қабілетті жұмыс тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік береді.
Ашылу барысында Премьер-министр оқу орнының инфрақұрылымымен және ІІМ қолданатын заманауи технологиялармен танысты. Олардың қатарында – цифрлық зертхана, цифрлық шешімдер аудиториясы, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жасанды интеллект көмегімен талдау жүргізу, кіріктірілген радар орнатылған патрульдік автомобильдерді қашықтан бақылау платформасы, роботтандырылған техника, «ақылды көзілдірік» сынды озық құралдар бар.
Сондай-ақ, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов ведомствоаралық жоғары академиялық курс тыңдаушыларының дайындық нәтижелерін көрсетті.
Академияның оқу бағдарламасы басқару құзыреттілігін дамытуға, заманауи басқару әдістерін меңгеруге бағытталған. Жыл сайын мұнда басшылық құрамды даярлау бойынша 100-ден астам маман, сондай-ақ магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша 30 студент білім алады. Қазіргі уақытта Академия аумақтық бөлімшелерден келген тыңдаушылардың алғашқы легін оқытуды бастап кетті.
Салтанатты шараға Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Жоғарғы Сот Кеңесі, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Парламент депутаттары, ІІМ Қоғамдық кеңесінің мүшелері, ІІМ-ге қарасты жоғары оқу орындарының басшылары мен профессорлық-оқытушылық құрамы, шетелдік делегациялар, халықаралық ұйымдар мен сараптамалық қауымдастық өкілдері қатысты.
Айта кетейік Орта Азияда Қазақстан — құқық қорғау саласы бойынша шартты көшбасшы. Қазақстан реформалар мен технологиялық даму жағынан алда тұр.