Отырар ауданында жалпы құны 37,4 млрд теңгені құрайтын ірі және шағын жобалар жүзеге асуда. Бұл туралы аудан әкімі Қайрат Жолдыбай БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Индустриалды аймақта биыл құрылысы басталған негізгі нысандардың бірі — тәулігіне 120 тонна мақта өңдейтін «Otyrar Cotton» ЖШС зауыты. Құны 2,1 млрд теңгені құрайтын кәсіпорында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда құрылысы қарқын алған нысан қазан айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, күніне 10 тонна күріш өңдейтін және тәулігіне 200 тонна мақта майын шығаратын зауыттардың құрылысы да қолға алынған.
2025–2026 жылдары индустриалды аймаққа отандық және шетелдік инвесторларды тарту арқылы түрлі салалардағы өндірістерді дамыту көзделуде. Қазірдің өзінде агроөнеркәсіп бағытына қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар.
Ауыл шаруашылығында да өсім байқалады. Биыл 54 100 гектарға егіс егу жоспарланса, нақты көлем 54 796 гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 19 795 гектарға артқан.
Өндіріс көлемі 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында 25,2 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1 млрд теңгеге өскен.
Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында тұрғын үй және инфрақұрылым саласында да жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері ауданда 7 387 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көрсеткіш 116,5%-ға орындалды. Қазіргі таңда аудан халқының 98,6%-ы тұрақты ауыз сумен, 71,4%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген.