Қытай инвесторлары Қазақстанның агросекторына қызығушылық танытуда

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин қытайлық инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында Қытай Халық Республикасы нарығында жоғары сұранысқа ие отандық жылқы тұқымдарын экспорттау мәселесі талқыланды.

– Бүгінгі кездесу – мал шаруашылығы мен жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам. Біздің жылқы тұқымдарымызға деген қызығушылық жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді вице-министр Аманғали Бердалин.

Тараптар ветеринариялық бақылау мен карантинге арналған инфрақұрылым құру мәселелеріне ерекше назар аударды. Қытайлық инвесторлар Қазақстан аумағында ветеринариялық зертхана ашу ниетін білдірді.

Аталған орталық ауыл шаруашылығы жануарларының елдер арасындағы қозғалысы кезінде диагностикалық қызмет көрсетумен және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысады.

Сондай-ақ, кездесу барысында климаттың өзгеруіне байланысты және мал шаруашылығы үшін сапалы азық рационын қамтамасыз ету қажеттілігі аясында өсімдіктерді жем дайындау үшін қарқынды пайдаланудың заманауи әдістері талқыланды.

– Біз Қазақстанды тұрақты ауыл шаруашылығын дамытудағы стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Зертханалар мен жем өндірісіне салынатын инвестиция – бұл біздің ортақ болашаққа қосқан үлесіміз, – деді қытай делегациясының өкілі Ван Чжифэн.

Министрлік агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мен елдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдауға және одан әрі диалогқа дайын екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы өткен жылы рекордтық 44 млрд АҚШ долларына жетті. Ал 2025 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш тағы 3,4%-ға артты. Бүгінде Қытай – Қазақстан экономикасына 26 млрд доллар инвестиция салған негізгі бес инвестордың бірі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *