Мәжілісмен Олжас Құспеков Ұлттық ұланның «Қаратау» тау-кен оқу орталығында болды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков бүгін ІІМ Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің «Қаратау» тау-кен оқу орталығында болды. 

Сапар барысында халық қалаулысы бригада командирі, полковник Марат Рахпановпен бірге оқу орталығының инфрақұрылымымен және материалдық-техникалық базасымен танысты. Мәжілісмен оқу-жаттығу нысандарын, казармаларды, асхананы және өзге де нысандарды аралады.

— Бұл тау-кен оқу орталығы жеке құрамды сапалы дайындауға мүмкіндік беретін барлық инфрақұрылыммен толық жабдықталған. Мұнда әскери қызметшілердің физикалық төзімділігі мен тактикалық шеберліктерін жетілдіруге қолайлы жағдай жасалған, — деді полковник Марат Рахпанов.

Кездесу аясында депутат әскери қызметшілермен еркін форматта әңгімелесіп, олардың қызмет пен оқу барысындағы ұсыныстары мен сауалдарын тыңдады. Олжас Құспеков жауынгерлік даярлықты күшейтудің маңызын атап өтіп, көтерілген мәселелерді шешуге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Айта кету керек, «Қаратау» тау-кен оқу орталығы — еліміздегі бірегей әскери оқу базаларының бірі. Мұнда Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген әскери қызметшілер, соның ішінде арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жауынгерлері дайындықтан өтеді. Орталықта таулы аймақта әрекет ету әдістері, сондай-ақ қарқынды тактикалық, жауынгерлік және дене дайындығы бағыттары бойынша жаттығулар жүргізіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *