2 шілде – Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің кәсіби мерекесі

Бүгін елімізде Әскери-әуе күштері кәсіби мерекесін атап өтуде. Бұл күн 1998 жылғы 2 шілдеде Әуе қорғанысы күштерінің Әскери-әуе күштерін құру туралы шыққан ресми директивамен тікелей байланысты. Содан бергі уақыт ішінде әскери авиация айтарлықтай даму жолынан өтіп, бүгінгі таңда кең ауқымды тапсырмаларды орындай алатын заманауи әрі қуатты құрылымға айналды.

Қазақстанның Әскери-әуе күштері – елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі тіректердің бірі. Әуе кеңістігін қорғау, стратегиялық маңызы бар нысандарды бүркемелеу, Құрлық әскерлерінің жауынгерлік іс-қимылдарына қолдау көрсету – бұл құрылымның басты міндеттері саналады.

Қазіргі таңда ұшу бөлімшелері көпфункционалды және жоғары технологиялы техникамен жабдықталған. Олардың қатарында Су-30СМ және Су-27 жойғыш ұшақтары, L-39 оқу-жауынгерлік ұшақтары, Ми-171Ш және Ми-35М көліктік-жауынгерлік тікұшақтары, сондай-ақ Airbus Military компаниясының A-400M әскери-көліктік ұшағы бар.

Әуе күштері үшін кәсіби кадрлар Ақтөбе қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында даярланады. Мұнда курсанттар теориялық білім алып қана қоймай, заманауи тренажерларда тәжірибеден өтіп, ұшу дағдыларын меңгереді. Институт түлектері болашақ ұшқыштар, штурмандар, техниктер және әскери авиацияның басқа да маңызды мамандық иелері қатарын толықтырады.

Өзгермелі геосаяси жағдай мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес, Әскери-әуе күштері үздіксіз жаңарып, дамып келеді. Оқу бағдарламалары қайта қаралып, даярлықтың жаңа әдістемелері енгізілді.

Қазақстандық әскери ұшқыштардың кәсібилігі мен жанқиярлығын көрсеткен жарқын мысалдың бірі – 2024 жылғы көктемде орын алған жаппай су тасқыны кезінде көрініс тапты. Қиын метеожағдайға қарамастан, Әскери-әуе күштерінің тікұшақтары мен ұшақтары су басқан елді мекендерден тұрғындарды эвакуациялап, гуманитарлық көмекті уақтылы жеткізді. Бір ай ішінде 600-ге жуық ұшу жүзеге асырылып, 3,5 мыңнан астам адам құтқарылды. Сонымен қатар, 2 мыңға жуық маман мен 280 тоннадан астам жүк тасымалданды.

Бұл жетістіктердің артында ұшу және инженерлік құрам, байланысшылар, метеорологтар, техникалық қызмет өкілдері мен азаматтық мамандардан құралған үлкен ұжымның қажырлы еңбегі жатыр. Олардың жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігі – еліміздің сенімді, заманауи әскери авиациясының берік негізі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *