Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Баспасөз жиыны барысында қала тұрғындары үшін өзекті саналатын бірқатар әлеуметтік маңызы бар жаңалықтарды жария етті.

Зейнеткерлерге шипажай жолдамасы
Қалалық мәслихат шешімімен еңбек ардагерлеріне тегін шипажай жолдамалары ұсынылады. Өтінімдер geo-shym.kz сайты арқылы кезекпен қабылданады. Жылдық лимит — 7 500 жолдама. Қазіргі таңда 26 мыңнан астам зейнеткер тіркелген. Қызметтер «Ізетті зейнеткер», «Денсаулық», сондай-ақ Түркістан, Жетісай және Жамбыл облыстарындағы шипажайларда көрсетілуде.
Мемлекеттік гранттар мен кәсіби білім
Жаңа бизнес-идеяларға арналған мемлекеттік гранттар бойынша 134 азаматқа 1,5 млн теңгеге дейінгі қолдау беріледі. Гранттардың көбі әлеуметтік осал топтарға тиесілі. Ал техникалық және кәсіптік білім беру бағытына 2025-2026 оқу жылына 8 000 грант бөлінген. Оның ішінде 800 грант нақты жұмыс берушілер сұранысына сәйкес бағытталған.
Үй жануарларын тіркеу
2023 жылдан бері қалада 1492 ит пен 476 мысық тіркелген. Биылдың өзінде 130 ит пен 42 мысық есепке алынды. Үй жануарларын тіркемегендерге 10-30 АЕК аралығында айыппұл салынуы мүмкін.
Қосымша білім беру
Қосымша білім беру саласы енді бір орталық — Шымкент қаласының білім басқармасы арқылы қаржыландырылмақ. Бұған дейін бұл сала үш басқарма (Білім, Спорт, Мәдениет) тарапынан үйлестіріліп келген. Бірақ бақылау мен жүйеліліктің болмауы салдарынан бірқатар заңсыздықтар анықталған. Кейбір кәсіпкерлер нақты білім беру саласында жұмыс істемесе де, мемлекеттік тапсырыспен қаржы алып келген.
Сәрсен Құранбектің айтуынша, бұл өзгерістер қосымша білім беру сапасын арттырып, қаржыны тиімді әрі әділ бөлуді қамтамасыз етеді.