Түркістан облысында еңбек қатынастары саласында 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында 834 азаматтан арыз-шағым түсті. Соның негізінде 174 тексеру жүргізіліп, 403 заңбұзушылық анықталды. Нәтижесінде 173 нұсқама берілді. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Амангелді Әліш мәлімдеді.

«Биылғы 6 ай ішінде облыста 20 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, 23 адам зардап шекті. Өкінішке қарай, 3 адам жұмыс орнында қаза тапты. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 13 пайызға азайып отыр.
Сонымен қатар, жыл басынан бері 6 кәсіпорында 4 890 жұмысшыға 454,7 млн теңге жалақы қарызы анықталып, толық өндірілді.
Бұдан бөлек, облыста шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру комиссиясы 34 кәсіпорынға 897 жұмысшыға рұқсат берді. Оның 738-і маусымдық жұмысшылар, негізінен мақта шаруашылығында еңбек етеді.
Өңірдегі инвестициялық жобалар аясында 19 319 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар департаменттің қатаң бақылауына алынған», – деді департамент басшысы.