Ауыл әкімі болу – мүмкіндік пен жауапкершілік

Түркістан қаласында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен ауылдық округ әкімдерінің аймақтық форумы өтті. Форумға облыс әкімінің орынбасары, Мәжіліс депутаттары, мәслихат төрағасы, жергілікті басқарма басшылары мен 137 ауыл әкімі қатысты. Форум жұмысына облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев төрағалық етті.

Форумның басты мақсаты – ауылдық басқару жүйесін жетілдіру, әкімдердің кәсіби әлеуетін арттыру және жергілікті мәселелерді тиімді шешудің жолдарын талқылау. Ауыл әкімі – халыққа ең жақын, жергілікті түйткілдердің шешімін табатын маңызды тұлға екені атап өтілді.

Форумда сөз алғандар ауыл әкімдерінің тікелей сайлануы – халықтың жергілікті басқаруға қатысуының көрінісі екенін айтты. 2021 жылдан бері Түркістан облысында 226 ауыл әкімі сайланып, оның 214-і «AMANAT» партиясынан ұсынылған кандидаттар болды. Сайланған әкімдердің жартысынан көбі алғаш рет бұл лауазымға келген.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ауыл әкімдері енді тек орындаушы емес, нақты шешім қабылдайтын тұлға ретінде әрекет етуі қажет екенін айтты. 2023 жылдан бастап ауыл әкімдіктеріне дербес бюджет берілгені – құқықпен қатар үлкен жауапкершілік жүктейді.

Форум аясында «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» сынды партиялық жобаларды жүзеге асыру, мемлекеттік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы талқыланды. Әкімдерге тәжірибелік ұсыныстар мен әдістемелік көмектер берілді.

Парламент депутаттары ауылдық жерлерге қатысты заңнамалық өзгерістер, әлеуметтік және білім беру салаларындағы реформалар жөнінде баяндама жасады. Мәжіліс фракциясының жұмысы мен қабылданған заңдар туралы ақпарат ұсынылды.

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов ауыл әкімдерінің рөлін арттыруда инфрақұрылым, әкімдік ғимараттары, қызметтік көлікпен қамтамасыз ету сияқты мәселелерге назар аудару қажеттігін айтты.

Форум соңында өз қызметінде белсенділік танытқан әкімдер «AMANAT» партиясы мен облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды. Жиын ауыл әкімдеріне тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылап, бірлескен шешім қабылдауға жол ашты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *