Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытайдың экологиялық технологиялар нарығындағы жетекші компаниялардың бірі – «Хунань Цзюньсинь Хуаньбао» директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даогомен кездесті.
Кездесу барысында «жасыл» энергетика және қалдықтармен жұмыс істеу бағыттарындағы екіжақты ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. Тараптар қалдықтарды қайта өңдеу бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективаларына ерекше назар аударды.
Олжас Бектенов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экологиялық жаңғырту мен орнықты даму мәселесіне басымдық беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан «жасыл» трансформацияны мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырады.
– Қалдықтарды энергия көзіне айналдыруға мүмкіндік беретін Waste to Energy тетігі бойынша жобаларды іске асыру үшін елімізде қажетті құқықтық база бар. Үкімет бұл салада озық халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға мүдделі, – деді Премьер-министр.
Кездесу соңында тараптар өзара іс-қимылды жалғастыруға ниетті екендерін білдіріп, серіктестік қарым-қатынасты кеңейту әлеуеті жоғары екенін атап өтті.