Түркістанда тоқыма-мата өндірісін дамыту бойынша келіссөздер өтті

Түркістан облысында мақта және тоқыма кластерін дамыту жолға қойылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік ірі компанияның бас директорымен кездесіп, мата өндіру, киім тігу саласында инвестициялық жобаны жүзеге асыру жайын жан-жақты талқылады.

Аймақ басшысы өңірде мақта-тоқыма кластерін дамытуға аса басымдық берілгенін айтып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

– Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құруды қолға алдық. Қазіргі таңда мақта өңдеудің толық циклін қамтитын ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сіздер ұсынған жобаларды да зерделеп шықтық. Өңір экономикасына тиімді жобаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Құжаттандыру жұмыстарын сүйемелдейміз. Шарттарымыз да бар. Талаптарды белгілеп, жіті зерделеп, меморандум жасаймыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Жоба аясында жіп иіру желілерін, сондай-ақ, джинсы маталарын шығаратын, киім тігетін өндіріс желілерін іске қосу жоспарланған. Ол үшін Түркістан қаласындағы «TURAN» АЭА аумағынан 20 гектар жер қарастырылуда. Тоқыма өндірістік базасы үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, бірінші кезеңде роторлық иіру өндірісінің, екінші кезеңде сақиналы иіру өндірісінің, үшінші кезеңде джинсы мата өндірісінің құрылысын жүзеге асыру көзделген.

Компания басшысы барлық өңірлер арасынан таңдауы Түркістанға түскенін айтып, жіп иіру және мата шығару бағытындағы жетістіктерімен бөлісті. Жоғары сұранысқа байланысты киім-кешек тігетін зауыт салуды да жоспарлап отырғанын айтты. Құрылыс жұмыстарын биыл бастауға дайын әрі келесі жылы 1 кезең бойынша жұмыстарды аяқтауға ниетті екенін жеткізді.

Айта кетейік Түркістан облысы – Қазақстанда мақта өсірудің негізгі орталығы саналады. Бүгінде елдегі жалпы мақта егістігінің 95 пайызы осы өңірдің үлесінде. 2024 жылы облыста 120 мың тоннадан астам шитті мақта жиналды.

Ендігі негізгі мақсат – 100 пайыз жергілікті шикізатты пайдалана отырып, дайын өнімді Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында экспортқа шығару. Әсіресе Орталық Азия, Ресей және Еуропа нарығына жеткізу жоспарлануда.

Бұл бағытта өңірде тоқыма өндірісін дамытуға және қосымша құны жоғары дайын өнім көлемін арттыруға басымдық беріледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *