Қазақстан ШЫҰ елдері кинофестивалінде өз киножобаларын таныстырды

Қытайда Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінің кинофестивалі аясында кинонарықтың салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Беларусь, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қытай сынды ұйымға мүше мемлекеттердің киноиндустрия өкілдері қатысты.

Қазақстан ұлттық киноның даму деңгейін және кинематография саласындағы маңызды жетістіктерін көрсетті.

Қазақстан стендінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының бірқатар киножобалары ұсынылды. Бұл алаң қазіргі қазақстандық киноның жанрлық әрі тақырыптық алуан түрлілігін паш етіп, халықаралық аудиторияға бағытталған туындыларды да қамтыды. Стендте «Қайтадан», «Осенний бриз», «90+1», «Ұлы дала тынысы», «Капитан Байтасов» және өзге фильмдердің постерлері қойылды.

Көрермендер орталық пен киностудияның қолдауымен түсірілген көркем, деректі және анимациялық бағыттағы 25-ке жуық фильмнің трейлерін тамашалады.

Сонымен қатар, кино саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктер көрмесі ұйымдастырылып, виртуалды түсірілім, цифрлық постпродакшн және дыбыс жазудың заманауи әдістері таныстырылды.

Фестиваль аясында өткен Кино ынтымақтастығы форумына Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы киножобаларды ілгерілету бөлімінің бас менеджері Гүлнұр Қожахметова қатысты. Ол өз сөзінде Орталықтың жұмысы, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, жас режиссерлерді қолдау және авторлық киноны дамыту бағытындағы жоспарлар туралы айтты.

Айта кетейік, соңғы алты жыл ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Кино орталығының қолдауымен 117 киножоба жүзеге асты. Оның ішінде 72 көркем фильм, 37 деректі және 8 анимациялық жоба бар. Отандық фильмдер 280 халықаралық кинофестивальге қатысып, 157 марапатқа ие болды.

Қазақстанның фестивальге қатысуы мәдени алмасуды тереңдетуге, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және кинематография арқылы халықтар арасындағы достықты нығайтуға ықпал етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *