Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері Түркияда өткен «Анадолу-2025» халықаралық оқу-жаттығуына қатысты.
Іс-шараға әлемнің түрлі елдерінен арнайы мақсаттағы бөлімшелердің өкілдері шақырылды. Қазақстан атынан 15 әскери қызметші қатысып, жоғары кәсіби дайындықтарын паш етті.
Жаттығу барысында қазақстандық сарбаздар урбанизацияланған және таулы жерлерде ұрыс жүргізу, топ құрамында атыс ашу, тікұшақтан арқанмен түсу, парашютсіз десанттау, жаралыларды эвакуациялау және ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану машықтарын пысықтады. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін жетілдірді.
«Анадолу» оқу-жаттығуы екі жылда бір өткізіліп келеді және 2006 жылдан бері арнайы мақсаттағы бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге, тәжірибе алмасуға бағытталған маңызды алаң болып саналады.
Қазақстандық әскери қызметшілердің жаттығуға қатысуы жауынгерлік дағдыларын арттыруға, халықаралық деңгейдегі өзара іс-қимылды нығайтуға және кәсіби шеберліктерін шыңдауға зор үлес қосты.
Жаттығудың белсенді кезеңі 3 шілдеде аяқталды.