Satbayev University жас ғалымдары бұзылған аумақтарды қалпына келтірудің тың әдісін ұсынып отыр

Сәтбаев Университетінің бір топ жас ғалымдары гипераккумуляторлық өсімдіктер мен микоризияларды пайдалана отырып, ашық тау-кен жұмыстары салдарынан бүлінген жерлерді рекультивациялаудың тың әрі экологиялық қауіпсіз тәсілін әзірлеп жатыр. Бұл бастама еліміздің шөлді және шөлейтті аймақтарындағы ауыр металдармен ластанған алқаптарды қалпына келтіру ісінде жаңа кезеңнің бастауы болмақ.

Зерттеу жобасының негізінде топырақтан ауыр металдарды сіңіріп жинақтайтын арнайы өсімдіктер (гипераккумуляторлар) және топырақтағы пайдалы микроағзалармен симбиоз құратын микоризиялардың бірлескен әсері жатыр. Мұндай әдіс жер бедерін табиғи жолмен қалпына келтіруге мүмкіндік беріп, экожүйенің тұрақты дамуына жол ашады.

– Гипераккумуляторлық өсімдіктер мен микоризияларды пайдалану – еліміздің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген, тиімді әрі қауіпсіз биологиялық әдіс. Бұл тәсіл тау-кен өндірісінің қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерін азайтып қана қоймай, ауыл шаруашылығына жарамды алқаптардың көлемін ұлғайтуға да сеп болмақ, – дейді жобаның жетекшісі, PhD докторы, Сәтбаев Университеті Тау-кен металлургия институтының профессоры Жақыпбек Ырысжан.

Бүгінгі таңда зерттеу нақты тәжірибе алаңдарында апробациядан өтіп жатыр. Таңдап алынған сынақ учаскелерінде алғашқы оң нәтижелер тіркеліп, өсімдіктердің ауыр металдарды сіңіру деңгейі жоғарылағаны және топырақтың экологиялық жағдайының жақсарғаны байқалуда. Бұл өзгерістерді зерттеу тобы ғана емес, жоба жүзеге асырылып жатқан пайдалы қазба кен орындарының басшылығы да жоғары бағалап отыр.

Аталған бастама Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі орналасқан өңірлерінде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және бүлінген аумақтарды қалпына келтіруге елеулі үлес қосуы тиіс. Сонымен қатар, бұл жоба жас ғалымдардың ғылым мен өндіріс тоғысында нақты нәтижеге бағытталған ізденістерінің жарқын көрінісі болып отыр.

Сәтбаев Университеті – еліміздегі тау-кен, металлургия және инженерлік саладағы жетекші жоғары оқу орны. Университет қабырғасында экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *