Қаңлы мұрасын зерттеу: ОҚПУ археологтары мен Лейден университеті ғалымдарының бірлескен қазба жұмыстары

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Археологиялық орталығы Нидерландтағы Лейден университетінің ғалымдарымен бірлесе қазба жұмыстарын жүргізді.

Халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қараспан ауылы маңында орналасқан Төлебайтөбе-2 қорымдары зерттелді.

Қазба барысында б.з.д. I ғасыр мен б.з. IV ғасырына жататын Қаңлы кезеңіне тән обалар аршылды. Оба ішінен ақсүйек көшпенді жауынгердің жерленгені анықталды. Бұл – қабірден табылған жебе ұштары, тұрмыстық пышақ, ат әбзелдері (ауыздық), белдік тоғалары мен әшекей бұйымдар арқылы расталды.

Ерекше назар аударарлық жайт – үлкен хұм ыдысының бөліктері қабір ішіне төселіп, мәйіт ағаш табыттың үстіне қойылып жерленген. Ағаштың жақсы сақталған бөліктері мен жебелердің сабындағы жіп ізі жерлеу рәсімінің күрделілігін көрсетеді. Сондай-ақ алебастр гипстен жасалған бойтұмарлар ежелгі наным-сенім бойынша зұлым күштерден қорғаушы ретінде қойылған.

Қазба кезінде жылқының азу тісі мен төмен температурада бағалы металдарды балқытуға арналған сирек кездесетін керамикалық тигель табылды. Бұл жәдігер сол дәуірдегі металл өңдеу технологиясын зерттеу үшін маңызды дерек болып саналады.

Айта кетерлігі, обалар ежелгі кезеңдерде бірнеше рет тоналғанына қарамастан, археологтар құнды тарихи материалдар мен жәдігерлер анықтады.

Зерттеу жұмыстарына «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің мамандары да арнайы меморандум аясында қатысты.

Лейден университетінің антропологы, жас ғалым Полина Колмогорова жүргізілген зерттеулер Қазақстанның көне тарихын тануға, Қаңлы дәуірінің мәдениеті мен салт-дәстүрін терең зерделеуге зор үлес қосатынына сенім білдірді. Ол археологиялық ізденістер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *