Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Бразилияға жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында ол Бразилияның жетекші өнеркәсіптік бірлестіктері мен ірі корпорацияларының басшыларымен маңызды келіссөздер жүргізді.

Кездесулер барысында тараптар өнеркәсіп, технология, көлік, металлургия және қорғаныс салаларындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін кеңінен талқылады. Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытқан бразилиялық бизнес өкілдері нақты ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.
Сонымен қатар, Мұрат Нұртілеу Бразилия Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының президенті Рикардо Албанмен және ұйымның вице-президенті, «Қазақстан–Бразилия» іскерлік кеңесінің тең төрағасы Жилберто Петримен кездесті. Әңгіме барысында екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуда қосқан үлестері үшін алғыс білдіріліп, стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету жолдары талқыланды.
«Tramontina» компаниясының өңірлік директоры Гинтер Леандро Бринкманн жақын арада Алматыда ресми өкілдік ашу жоспарымен бөлісті. Бұл қадам – Қазақстан нарығына деген жоғары қызығушылықтың дәлелі.
«Embraer» авиақұрылыс корпорациясының президенті Франциско Гомес Нетомен кездесуде компанияның өңірдегі қатысуын кеңейту бағыттары, оның ішінде елімізде әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсететін орталық ашу мүмкіндігі қарастырылды.
«Vale» тау-кен компаниясының атқарушы вице-президенті Сами Араппен сұхбат барысында шикізат саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылау үшін Қазақстанға жұмыс сапары ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар компания өкілдері отандық нарыққа шығуға қызығушылық білдірді.
«Marcopolo» вице-президенті Мауро Гилберто Беллинимен автобус өндірісін локализациялау, оның ішінде Қазақстанда жолаушылар көлігін жинау жобасы аясындағы ықтимал серіктестік жолдары қарастырылды.
«Amazul» мемлекеттік қорғаныс-өнеркәсіптік компания президенті Ньютон де Алмейда Кошта Нетомен кездесуде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясымен тікелей байланыс орнату мәселесіне баса назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша бейбіт атом саласындағы өзара іс-қимыл механизмдерін пысықтау бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілді.
Кездесулер барысында сыртқы саяси ведомствоның басшысы шетелдік капитал үшін Қазақстанның құқықтық алаңының тартымдылығын атап өтіп, ел үкіметінің шетелдік компанияларға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Географиялық орналасудың тиімділігі, халықаралық көлік дәліздеріне қатысуы және ашық сауда саясаты отандық нарық арқылы экспорттық тізбектерді кеңейтуге мүмкіндік беретін негізгі факторлар ретінде аталды.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Латын Америкасының кәсіпкерлерін «Қазақстан-Бразилия» іскерлік кеңесінің жұмысына белсенді қатысуға және оның алаңын өзара экономикалық байланыстарды тереңдету мен бірлескен жобаларды іске асыру үшін пайдалануға шақырды.
Сапар аясында Бразилияның жетекші салалық бірлестіктері мен компанияларының қатысуымен «Бразилия-Қазақстан: ынтымақтастық перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында инвестициялық және сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті бағыттары талқыланып, қазақстандық нарықтың мүмкіндіктері таныстырылды, сондай-ақ бірқатар екіжақты меморандумдарға қол қойылды.