Қазақстанның IT шешімі WSIS Prizes 2025 байқауында үздік деп танылды.

«Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту ісінде үкімет пен барлық мүдделі тараптың атқаратын рөлі» номинациясында әлемнің түкпір-түкпірінен ұсынылған жүздеген жобаның арасынан суырылып шықты.
WSIS Prizes — БҰҰ бастамасымен өтетін әрі цифрлық шешімдерге арналған ең беделді байқаулардың бірі. Сондықтан, АТК жобасының айтулы марапатқа ие болуы —еліміздің цифрлық даму жолындағы елеулі жетістігі.

Марапат Швейцарияның Женева қаласында өткен WSIS+20 High-Level Event аясында табысталды. Ауқымды іс-шара WSIS бастамасының 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. Жаһаннан жиналған мемлекеттер мен халықаралық ұйым өкілдері бас қосқан марапаттау рәсімінде Қазақстан делегациясы сессияны ашу мәртебесіне ие болды. Марапатты Халықаралық электр байланысы одағының Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин табыс етті.

2013 жылдан бергі Қазақстанның WSIS Prizes байқауындағы алғашқы жеңісі екенін де айтайық. Биыл байқауға төрткүл дүниенің әр тарапынан 1000-ға жуық жоба ұсынылып, соның 360-ы номинацияларға өткен. Ал біздің АТК — үздік деп танылған небәрі 18 жобаның бірі. «Ахуалдық-талдамалық кешені» — мемлекеттік секторда нақты шешімдер қабылдауға арналған цифрлық платформа. Елдің барлық өңіріндегі 500-ден астам әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді қамтып, жедел мониторинг пен нақты уақыт режимінде басқару мүмкіндігін ұсынады. Қазір аталған жүйе ҚР Президенті Әкімшілігі мен Іс басқармасында сәтті қолданылып келеді. Басқару жүйесін тиімді ететін осы заманға сай құрал. Оның әлемдік деңгейде мойындалуына қарап-ақ, Қазақстан ұсынған цифрлық модельдің басқа елдер үшін өзекті деп ойлаймыз.
WSIS сияқты жаһандық алаңдағы жетістігімізге келсек, біріншіден, елдің цифрлық әлеуеті әлді екенін көрсетеді. Екіншіден, халықаралық әріптестік пен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Үшіншіден, ішкі реформалар мен басқару мәдениетінде цифрлық шешімдерге деген сенім нығаяды. Канада, Мексика, Үндістан, Оңтүстік Африка сияқты алпауыт елдердің жобаларымен қатар тұрып, Қазақстанның да IT саласы жаһандық деңгейде лайықты орынын тапты.
ҚР Президенті Іс басқармасы Инженерлік-техникалық орталығының басшысы Дәурен Нұралиев: «Жеңісіміз — елдің жоғары технологиялық әлеуетін көрсетіп, Қазақстанның әлемдік трендтерге ілесіп қана қоймай, нақты цифрлық шешімдер ұсына алатынын дәлелдеді» деп атап өтті. Расында, мұны жай мақтаныш емес, біртіндеп қалыптасып келе жатқан жаңа ұлттық бренд деп бағалаған жөн. Себебі сол, WSIS Prizes секілді беделді марапаттар біздің IT саласындағы салмағымызды әлем алдында дәлелдеп отыр.