Түркістан облысы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолында қарқынды қадамдар жасауда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасының Шанхай аймағынан келген ірі инвесторлар делегациясын ресми түрде қабылдап, өңірдің инвестициялық, өндірістік және туристік әлеуетін таныстырды. Бұл кездесу екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды басқосу болды.

– Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер. Сіздерге биыл Шанхайда Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыратын ақпараттық кеңсе ашуға қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымызды білдіремін. Бұл — өңір туризмі үшін маңызды қадам, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Аймақ басшысы өз сөзінде Түркістан облысында шетелдік инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті. Бүгінде облыста бірнеше индустриалды аймақ, өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Бұл инфрақұрылымдар шетелдік кәсіпкерлерге түрлі салада инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, туризм, ауыл шаруашылығы, тағам өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және металлургия салалары басым бағыттар қатарында тұр.
Шанхайдан келген делегация құрамында Қытайдың бірқатар жетекші компаниялары мен бизнес құрылымдарының өкілдері болды. Олар Түркістан өңірінің әлеуетіне жоғары баға беріп, түрлі жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Атап айтқанда, инвесторлар алманы терең өңдеп, дайын өнімді Еуропа елдеріне экспорттау, ұн және наубайхана өнімдерін шығарып, Қытай нарығына жеткізу, сондай-ақ түсті металдарды өңдеу және киім тігу өндірісін жолға қою сынды бағыттар бойынша нақты ұсыныстарын білдірді.
Сонымен қатар, қытайлық тарап Түркістан облысының туристік орындарын Қытайда кеңінен насихаттап, туристік ағымды арттыруға үлес қосуға ниетті. Бұл өз кезегінде өңірдің халықаралық деңгейдегі туристік хаб ретінде дамуына жол ашпақ.
Кездесу соңында екі жақ ұсынылған жобалар мен бастамаларды егжей-тегжейлі зерделеп, тиісті сараптамалар жүргізіп, нақты әріптестікке көшуге уағдаласты. Түркістан облысының басшылығы өңір экономикасын дамытуда шетелдік капиталдың рөлін ерекше атап өтіп, осындай келіссөздердің алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Шетелдік инвесторлармен тығыз әріптестік орнату Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек. Бұл – жұмыс орындарының ашылуы, салық базасының кеңеюі, заманауи технологиялардың келуі және ең бастысы, өңір халқының әл-ауқатының артуы деген сөз.
Түркістан – инвестиция салуға лайық мекен. Мұны шетелдік инвесторлар да растап отыр. Ендеше, бұл бағыттағы бастамалар өз жалғасын тауып, нақты нәтижелерге жеткізеді деген сенім мол.